Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу талаптары өзгереді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Енді азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды ақылы негізде, аралықты кемінде 10 күн сақтай отырып, шектеусіз тапсыра алады. Қазір азаматтарға 3 тегін мүмкіндік беріледі: алғашқы екі мүмкіндік 1 күн аралықпен, үшіншісі 30 күннен кейін. Осы мүмкіндіктер аяқталған соң қайта оқу талап етілетін. Бұл кейбір жағдайларда азаматтарды жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен алуға итермелейтін.
Сонымен қатар, Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының Астана қаласындағы филиалы базасында пилоттық жоба шеңберінде осы орталықта қолданылатын академиялық адалдықты қамтамасыз ету технологиялары сынақтан өткізіледі. Кейін бұл технологияларды жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан тапсырудың бүкіл жүйесінде қолдану жоспарланып отыр. Технологияларды апробациялаумен қатар, Ұлттық тестілеу орталығы теориялық емтихан тестілеріне кешенді психометриялық зерттеу жүргізеді.
Бұдан бөлек, емтихан өткізу процесіне жасанды интеллект технологиялары енгізіледі. Теориялық емтихан қабылдау кезінде толықтырылған шынайылық (AR), ал практикалық емтиханды бақылауда компьютерлік көру (Computer Vision) технологиясы қолданылады. Бұл тыйым салынған техникалық құралдарды пайдалану қаупін азайтып, заңбұзушылықтарды тіркеуге мүмкіндік береді.
Бесіншіден, жүргізуші куәлігін алуға қатысты цифрлық шешімдердің ақпараттық қауіпсіздігін барынша күшейту көзделеді.
Әкімшілік жауапкершілікке қатысты нормаларды енгізу де қарастырылған. Бұл жауапкершілік қызмет алушыларға да, жүргізуші куәлігін заңсыз алуға жәрдем көрсететін тұлғаларға да қолданылады. Шаралар емтихан тапсыру процесінде заңбұзушылықтар анықталған жағдайда қабылданады. Олардың қатарына тыйым салынған құрылғыларды, микроқұлаққаптарды, микрокамераларды, сондай-ақ, байланыс сигналдарын қабылдайтын және тарататын құралдарды пайдалану жатады. Бұдан бөлек, теориялық емтихан тапсыру құқығынан 1 жылға айыру мүмкіндігі енгізіледі.
Автомектептердің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту көзделеді. Олардың жұмысын бағалау кезінде жүргізушілерді даярлау сапасы мен азаматтардың кері байланысы ескеріледі. Сондай-ақ, олардың қызметін лицензиялау жоспарланып отыр. Жүргізушілерді даярлау сапасы төмен болған жағдайда лицензияны толық кері қайтарып алу шарасы қарастырылады.
