Қазақстанда жұмыс орнындағы сексуалдық қысым үшін жаза енгізу қарастырылып жатыр

Қаракөз Амантай 24 сәу. 2025 10:34 216

Қазақстанда жұмыс орнындағы сексуалдық қысымға заң жүзінде тыйым салу көзделіп отыр. Бұл бастама Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңес беру құжатында көрсетілген. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 15 мамырға дейін көпшілік талқылауына ұсынылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, елде еңбек ұжымдарындағы әдепсіз әрекеттерге қарсы нақты құқықтық тетіктер жоқ. Әлеуметтік зерттеулер нәтижесі бойынша, қызметкерлердің 30 пайызы жұмыс барысында этикаға сай емес әрекеттерге тап болған.

«Сексуалдық қысым» ұғымын заңнамалық деңгейде енгізу, сондай-ақ мұндай жағдайларға жауап беру механизмдерін жасау ұсынылып отыр. Сонымен қатар жұмыс берушінің осындай құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі міндеттері де заңмен бекітілуі мүмкін.

Бастама қыркүйекте мемлекеттік органдарға жолданып, желтоқсанда Үкіметке ұсынылады. Ал 2026 жылдың қаңтарында Мәжіліс қарауына енгізу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Қазақстан еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қысымды жою туралы халықаралық конвенцияны (№190) әлі ратификациялаған жоқ. Алайда министрлік бұл бағытта нақты қадам жасау қажет екенін айтады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар