Қазақстанда жастар есірткінің жаңа түріне тап болды — депутат

Қаракөз Амантай 17 сәу. 2025 11:54 872

Қазақстан жастары арасында соңғы уақытта азот тотығын (көбіне «күлкі тудыратын шариктер» ретінде белгілі) тұтыну кең етек алып келеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев өзінің мәлімдемесінде айтып, мәселенің маңыздылығына назар аударды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, бұл зат ресми түрде есірткі құралдарының тізімінде болмаса да, нашақорлықтың алғашқы сатысына айналып барады. Медициналық мақсатта қолданылатын азот тотығы бүгінде мейрамханалар мен түнгі клубтарда жастар үшін «көңіл көтерудің» бір тәсіліне айналған.

"Азот тотығы медициналық процедураларда қолданылатын күшті заттардың қатарына жатады. Алайда ол ойын-сауық нысандарында кеңінен таралып, жастар арасында аса танымал болып отыр. Бұл – өте қауіпті үрдіс", – деді Темір Қырықбаев.

Медицина мен наркология саласының мамандарының мәліметінше, бұл заттың адам ағзасына тигізетін кері әсері көп.

“Атап айтқанда:

• Жүйке жүйесіне зақым: ұзақ уақыт қолдану B12 дәруменінің тапшылығын туғызып, аяқ-қолдың жансыздануына, қозғалыс функциясының бұзылуына алып келеді;

• Тыныс алу жолдарына әсер: оттегі жетіспеушілігі салдарынан тыныс тарылуы, естен тану және өлім жағдайлары болуы мүмкін;

• Психикалық денсаулық: есте сақтау қабілетінің әлсіреуі, депрессия, ойлау қабілетінің төмендеуі;

• Жүрек-қан тамыр жүйесі: жүрек ырғағының бұзылуы, қан қысымының тұрақсыздығы;

• Тәуелділік: азот тотығы есірткі секілді психологиялық тәуелділік тудыруы мүмкін”, — дейді ол.

Депутат бұл мәселені мемлекеттік деңгейде бақылауға алып, азот тотығына заңнамалық тұрғыдан шектеу қою қажет екенін айтты.

“Жастарды улы заттардан қорғау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Бұл мәселе шұғыл шешім қабылдауды талап етеді”, – деді Мәжіліс депутаты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар