Қазақстанда “жалған ақпарат” бабын қылмыстық жауапкершіліктен алып тастау талап етілді

Қаракөз Амантай 02 жел. 2025 10:10

Қазақстанда заңгерлер, журналистер және белсенді азаматтар Қылмыстық кодекстің 274-бабын қылмыстық жауапкершіліктен алып, оны әкімшілік құқықбұзушылық санатына ауыстыруды талап етуде, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үндеуде бұл бап қазіргі таңда сөз бостандығын шектейтін, қоғамдық сынға қысым жасайтын және журналистер мен белсенділерге қылмыстық қудалау қаупін төндіретін құралға айналғаны аталып өткен.

"Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі 274-бап – әдейі жалған ақпарат таратқаны үшін жазалау көзделген норма – іс жүзінде сөз еркіндігін шектеп, қоғамдық сынға тосқауыл болып отыр. Баптың бастапқы мақсаты – дезинформациямен күресу болғанымен, тәжірибеде ол әлеуметтік желідегі пікірлер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы сыни материалдар үшін қудалауға жиі қолданылады. Бостандықтан айыруға дейінгі ауыр жаза бұл құқықбұзушылықтың сипатына мүлдем сай келмейді және әділдік пен соразмерлік қағидаттарын бұзады", – делінген үндеуде.

274-бапты декриминализациялау туралы бұл өтініш e-Otinish порталы арқылы ресми тіркеліп, Бас прокуратураға, Конституциялық сотқа, Сенат пен Мәжіліске жолданған. Сонымен қатар онлайн-петиция да әзірленіп жатыр.

"Біз 274-бап бойынша белсенділер мен журналистерге қатысты қозғалған негізсіз қылмыстық істерді дереу тоқтатуды талап етеміз. Бапты қылмыстық кодекстен шығарып, әкімшілік жауапкершілікке ауыстыру бойынша заңнамаға тездетіп түзетулер енгізу қажет. Біздің талаптарымыз: жауапкершілікті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске көшіру; айыппұл түріндегі әкімшілік жаза белгілеу; бостандықтан айыру мүмкіндігін толық жою", – делінген үндеуде.

Қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдары да ұзақ жылдар бойы «жалған ақпарат» үшін қылмыстық жауапкершілікті сынға алып келеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар