Қазақстанда геология кастасы жоғалып кетті - сарапшы

Сағыныш Сардарова 13 мам. 2024 12:08 3643

Мұнай сервистік компаниялар одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов мұнай бойынша Қазақстанның қазіргі хал-ахуалы қандай екенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшының пікірінше, коронавирус індеті кезінде әлемдік алпауыттар өз қорларын әбдеп толтырып алған.

"Ковид келген кезде мұнайымызды беру үшін тіпті үстіне ақша бердік. "Мұнайымды сен алып кетсең, саған ақша беремін" деген жағдайға жеттік. Ұшақтар ұшпай қалды, сондай жағдай болып қалды. Сол кезде Қытай мен Үндістан өздерінің шикізат қоймаларын мұнайға толтырып алды", - деді ол.

Дегенмен Рашид Жақсылықов Қазақстан қазір бірқатар жобадан жақсы пайда көріп отырғанын жеткізді.

"Үш жобадан (мұнай жобаларынан - еск.) әртүрлі пайда келіп отыр. Мысалы, қазір "Теңіз" жобасы үлкен пайда әкеліп отыр. Тіпті біздің бюджеттің үштен бірін қалыптастырып отыр. Өйткені инвесторлар салған ақшасын қайтарып болып қалды. Қазір (кен орны - еск.) Қазақстанның пайдасына жұмыс істеп жатыр. Артық айтқан болмайын, 80 пайыздың үстінде (мұнай - еск.) Қазақстанға қалып отыр. Қашағаннан екі пайыз ғана елде қалып отыр. 98 пайызы шетелге кетіп жатыр. Өйткені олар (инвесторлар - еск.) өздерінің салған ақшасын қайтарып жатыр. Үшіншісі - Қарашығанақ, Ақсайдағы газ (зауыты - еск.). Одан да қазіргі таңда үлкен пайда көріп отырмыз, 70 пайыздың үстінде Қазақстанда қалады", - деді сарапшы. 

Жақсылықовтың сөзінше, алайда Қазақстанда қазір жаңа жер қойнауларын ашуға геология саласы ақсап тұр. 

"Жаңа жер қойнаулары жоқ. Геология мүлде жұмыс істемей жатыр, ақсап қалды. Қаныш Сәтбаев ашып кеткен жер қойнауларын пайдаланып жатырмыз. Ауыр металл болсын, түрлі түсті металл болсын - бәрі сол кездегі. ...Геология жұмысын бастауы керек. Бұл - бірінші мәселе. Қазіргі таңда бізде геология кастасы жоғалып кетті. Бірен-саран геологтар қалды, оларды жоғалтып алатын болсақ, қайта геология ғылымын көтеруіміз керек. Екіншіден, геологиямен айналысатын кәсіпорын мүлде жоқ", - деді Жақсылықов.

Айта кетейік, деректерге сүйенсек, Қазақстанның мұнай бойынша жалпы өндірістегі үлесі 33,1 пайыз болады. Өндіріс бойынша екінші орында АҚШ 30,9 пайызбен тұр. Үшінші орында Еуропа елдері тұр, үлес салмағы - 18,4 пайыз. Олардан кейін Қытай тұр, үлесі - 11,4 пайыз және басқа елдер, олардың үлесі - 2,7 пайыз тұр. Ал мұнай экспорты мына елдермен арада жүргізіледі: Италия, Нидерланды, Қытай, Корея Республикасы, Румыния, Франция, Түркия, Греция, Сингапур.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар