Алматыда интерактивті аймақтары бар заманауи балалар кітапханасы ашылады

Ақтоты Жапатова 15 там. 2025 18:00

«Жас Қанат» тұрғын үй кешенінде орналасатын Алматы кітапханаларының жаңа филиалында интерактивті аймақтары, цифрлық сервистері және шығармашылық шеберханалары бар заманауи балалар кітапханасы ашылады. Бұл идея сегіз алматылық кітапханашы Эстония, Финляндия және Швецияда өткен «Шекарасыз білім» атты халықаралық тағылымдамадан кейін туындады. Бұл туралы Алматы қаласы Мәдениет басқармасы мәлімдеді- деп хабарлайды Dalanews.kz

Таллинде мамандар кітапханалардың балабақшала және мектептермен ықпалдасуын, ұрпақаралық оқыту үлгілерін зерттеді. Хельсинкиде цифрлық өзін-өзі қызмет көрсету жүйесін: сенсорлы дүңгіршектер мен QR-гидтерді, OODI Ұлттық кітапханасының тәжірибесін көрді. Швецияда ғылым, технология, инженерия, өнер және математиканы біріктіретін STEAM-жобаларымен танысты.

Бұл идеялар қазірдің өзінде енгізіліп жатыр: орта білім беру ұйымдарымен әріптестік ауқымы кеңейіп, балаларды мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап кітап оқуға баулу мүмкіндігі артты; үйірме бағдарламалары жаңартылды; Alatau Creative Hub базасында оқу мен шығармашылық кездесулерге арналған жазғы терраса жасақталды.

«Бұл тағылымдама қызметкерлерімізге шабыт қана емес, нақты құралдар да берді. Жаңа филиалда интерактивті аймақтары, цифрлық сервистері және шеберханалары бар заманауи балалар кітапханасы ашылады. 1 қыркүйектен бастап бірінші сынып оқушылары үшін ашық есік күндерін өткіземіз, ал аға буынға арналған компьютерлік сауаттылық бағдарламасын күшейтеміз. Мұның бәрі біздің мамандар Эстония, Финляндия және Швецияда көріп, бейімделген шешімдер. Қазірдің өзінде бұл жобалар алматылықтардың игілігіне қызмет ете бастады», — деді Алматы кітапханаларының директоры Мейрам Бектембаев.

Бұл алматылық кітапханашылардың алғашқы халықаралық тағылымдамасы емес. Бұған дейін 22 маман Корея Республикасында, Швейцария мен Германияда білім алған. Үздік тәжірибелер Алматы кітапханаларын заманауи білім, технология және мәдени қарым-қатынас орталықтары ретінде дамытуға жол ашып отыр.

Бүгінде қала тұрғындарына тәулік бойы қызмет көрсететін 24/7 кітапхана филиалдары, метро мен сауда орталықтарындағы автономды өзін-өзі қызмет көрсету бекеттері, цифрлық кітап қоры бар almatylibrary.kz порталы, инклюзивті алаңдар және мазмұнды мәдени-танымдық іс-шаралар бағдарламалары қолжетімді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар