Қарағанды қаласында полиция мен төтенше қызмет өкілдері дер кезінде әрекет етіп, тұрғын үйде орын алуы мүмкін ауыр оқиғаның алдын алды. Әкесімен жанжалдасқан ер адам өз-өзін және пәтерді өртемек болған. Оқиға орнына келген полицейлер оны өз дегеніне көндіре алмаған соң арнайы жасақ шақыруға мәжбүр болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"102" арнасына жергілікті тұрғын хабарласып, ұлының өзін-өзі өртеуге оқталғанын жеткізген. Алдын ала мәлімет бойынша, 40 жастағы ер адам әкесімен болған жанжалдан кейін бес қабатты үйдің екінші қабатындағы балконға шығып, қолындағы бензин құйылған бөтелкемен өзін де, пәтерді де өртейтінін мәлімдеген.
"Оқиға орнына жедел жеткен полиция мен құтқарушылар аумақты қоршауға алып, подъездегі шамамен 40 адамды қауіпсіз жерге эвакуациялады. Алкогольдік мас күйіндегі азамат құқық қорғау органдарының заңды талаптарына бағынбай, балағат сөздер айтып, келіссөздерден бас тартқан. Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров оны берілуге 1 сағаттан астам үгіттегенімен, одан нәтиже болмады. Жағдайдың ушығуына байланысты оқиға орынына жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері шақырылды. Жүргізілген операция барысында арнай жасақ жауынгері үшінші қабат балконы арқылы пәтерге кіріп, өрт қоюға жол бермей, азаматты залалсыздандырды",- дейді ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда оның психоневрологиялық диспансерге орналастырылғаны нақтыланады.
Бұған дейін Қарағанды облысында әскери техника жүргенін хабарлағанбыз.