Блогер Әлішер Елікбаев салықтан жалтару ісі бойынша сотта жеңіп шықты

Кәмшат Тілеухан 15 там. 2025 17:16

Қазақстандық блогер Әлішер Елікбаев өзіне түскен табыстан 5 млн теңге салық төлеуді талап еткен Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетімен жарты жыл соттасып, ақыры әділдікке жеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Естеріңізде болса, ақпан айында Қазақстанда жүздеген блогер салық органдарынан хабарлама алғаны белгілі.

"Бірнеше жолдасыма 1 млрд теңге, ондаған инфлюенсердегі достарыма 100 млн теңге, ал өзге басым бөлігіне 20-дан 100 миллион теңгеге дейін салық төлеуді талап еткен хабарлама келген, ал мына пақырларыңызға екі жылға бар-жоғы 5 миллион теңге жазыпты", - деп жазады қағыта блогер Facebook-тегі парақшасында.

Елікбаевтың айтуынша, оның алдына тартылған сомалар өз парақшасына жазылушылармен бірлесіп ұйымдастырған қайырымдылық алымдарымен байланысты. Сондай жобалардың қатарында балалар хосписіне реанимобиль сатып алу, Минскіде науқастарға бүйрек трансплантациясы бойынша көмек көрсету, сондай-ақ Украинада дәрігерлерге медициналық жабдықтар сатып алу сынды қайырымдылық акциялары кіреді.

"Бұл алымдарға салық салынбайды, өйткені бұл менің кірістерім емес, ақша қайырымдылық қорларына, клиникаларға, автоөндірушілерге немесе медициналық жабдықтардың дистрибьюторларына түсті", - дейді Елікбаев.

Ол салық қызметкерлерінің қабылдауында болып, оларға қанша ақша жиналғанын, қаншасына қайырымдылық заты сатып алынғаны және оны тапсыру сәттерін айғақтайтын құжаттарды ұсынғанын айтады. Алайда, оның айтуынша, бұл дәлелдер Мемлекеттік кірістер комитетінің бір де бір деңгейінде ескерілмеген. Сол себепті Әлішер Елікбаев сотқа жүгіну туралы шешім қабылдайды.

Жарты жыл уақыт кеткен сотта ақырында: "Салық органы қызметкерлерінің әрекеттері заңсыз деп танылсын,  толыққанды салықтық тексеруден бас тартылсын" делінген шешім шығарылды.  

Айта кетсек, 2025 жылдың ақпан айында мемлекеттік кірістер комитеті 594 блогерге 53,3 млрд теңге сомасына "кірістерді төмендетіп көрсету" бойынша бұзушылықтарға жол бергені туралы хабарламалар жолдады. Ал бірнеше күннен кейін ведомство хабарламаларды жіберу кезінде техникалық ақаулар болғанын мәлімдеді, содан кейін МКК 9,8 млрд теңгеге 93 блогерге жіберілген 169 хабарламаны кері қайтарып алды. Алайда, ақпан айының соңында комитет 854 блогерге 71,9 млрд теңге сомасына "кірістерді төмендету" бұзушылықтары бойынша камералдық бақылау хабарламалары жолданғанын мәлімдеді. Бұл ретте көрсетілген соманы салық органы төленбеген салықтардың сомасы емес, блогерлердің салық декларацияларында көрсетілмеген болжамды кірістер екенін нақтылады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар