"Заңсыз және әділетсіз". Аймағамбетов мұғалімдерге жүктелетін міндеттерді сынға алды

Қаракөз Амантай 15 там. 2025 13:41

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов дәстүрлі Тамыз кеңесінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстаздарға қатысты көтерген мәселесіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Мемлекет басшысы мұғалімдердің құқықтарын қорғаудың маңыздылығына тағы да ерекше тоқталып, прокуратураға жергілікті билік 2019 жылдан бері қолданыстағы, педагогтарды өздеріне тән емес жұмыстардан босататын және олардың құқықтарын қорғайтын заң нормаларын бұзған жағдайларды тоқтатуды тапсырды. Аймақтардағы өрескел мысалдар – жазда мұғалімдерді су қоймаларының қасында кезекшілікке қою, мектеп бітіру кештері өткен мейрамханаларда кезекшілікке шығару немесе қалалық шыршаларды безендіруге жіберу– бұл заңды тікелей бұзу болып табылады. Әдеттегідей, Мемлекет басшысы педагогтардың қорғаны болды", – деді депутат.

Аймағамбетовтың айтуынша, педагогтардың, мектеп пен ата-ананың жауапкершілігін нақты ажырату маңызды мәселе.

"Бірнеше жыл бұрын біз арнайы заңға мектеп пен ата-ана арасында әр тараптың құқықтары мен міндеттері нақты көрсетілетін шарт жасау нормасын енгіздік. Алайда барлық мектептер бұл тетікті тиімді пайдаланып отырған жоқ, соның салдарынан көбіне "кінәлі" етіп мектепті шығарады. Шын мәнінде, егер жасөспірім сабақтан тыс уақытта құқық бұзушылық жасаса, директорды немесе сынып жетекшісін жұмыстан босату– биыл бірқатар өңірде орын алғанындай– әділетсіз ғана емес, сонымен бірге заңсыз", – деп жазды ол.

Депутаттың айтуынша, биыл бірқатар өңірде мұндай жағдайлар орын алған. Сондықтан мектеп тек өз құзыретіне кіретін мәселелерге ғана жауап беруі керек деген қағидатты нақты бекіту үшін арнайы түзетулер дайындалған.

"Президент әрқашан педагогтар мен мектептерге толық қолдау көрсетіп, әділетті ұстанымды талап етеді: педагог өзіне қатысы жоқ оқиғалар үшін жауап бермеуі тиіс. Бүгін Мемлекет басшысы осы мәселе бойынша нақты тапсырма берді. Бұл– тек әділет мәселесі ғана емес, сонымен бірге мұғалімнің мотивациясын, беделін және ел дамуын сақтау мәселесі", – деді Аймағамбетов.

Ол былтыр депутаттар мұғалімдердің құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту туралы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне түзетулер енгізгенін, бірақ ол кезде бастама қолдау таппағанын еске салды.

"Бүгін Президенттің тапсырмасынан кейін мұндай өзгерістер қабылданатынына сенімдімін", – деді депутат.

Аймағамбетовтің сөзінше, білім беру – стратегиялық сала. «Мұнда ұсақ-түйек жоқ: мұғалімнің құқығын қорғаудан бастап мектептегі тамақтану сапасына дейін, интерактивті тақталардан жасанды интеллект курстарына дейін – мұның бәрі елдің болашағына салынған инвестиция», – деп түйіндеді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар