Астанада биыл студенттерге арналған 8 жатақхана ашылады

Ақтоты Жапатова 13 там. 2025 14:40

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жұмыстары туралы Instagram парақшасында мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Әкімнің айтуынша, жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалса да, әлеуметтік нысандарды ашуға дайындық қарқынды жүріп жатыр. Бұл бағытта Салалық министрлік, жоғары оқу орындары және инвесторлармен бірлесіп, жатақхана орындарын көбейту жұмыстары жүргізілуде.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен бірге қала басшысы А.Пушкин көшесі, 13а мекенжайында орналасқан, жеке инвестиция есебінен салынған 400 орындық жаңа жатақхананы аралап көрді.

2025 жылдың басынан бері елордада шамамен 2 700 орындық жатақхана пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы 2 060 орынға арналған 7 нысан ашу жоспарланып отыр. Осылайша, биыл жалпы сыйымдылығы 4 716 орындық 8 студенттік жатақхана іске қосылады.

Өткен жылы Астанада 1 700 орындық 5 жатақхана пайдалануға берілген болатын.

Сонымен қатар, жаңа оқу жылы аясында қалада 15 мектеп ашылады, оның 7-еуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынуда. Бұл қосымша 28 мың оқушы орнын қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, елордада балабақшалар, оқушылар сарайы және өзге де әлеуметтік нысандар бой көтеруде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар