Қазақстанда жүздеген жұмысшы жалақысын ала алмай жүр: қарыз 719 млн теңгеге жетті

Қазақстанда жүздеген жұмысшы жалақысын ала алмай жүр: қарыз 719 млн теңгеге жетті
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанда жұмыс берушілердің қызметкерлер алдындағы жалақы қарызы 719 миллион теңгеге жеткен. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша елдегі 153 кәсіпорында 1,2 мыңнан астам жұмысшының жалақысы уақытында төленбеген.

Министрлік тексеру барысында еңбек құқықтарына қатысты 2,7 мыңнан астам заңбұзушылық анықталғанын мәлімдеді.

«Кәсіпорын басшыларына орындауға міндетті 1 630 нұсқама берілді. Сондай-ақ 187,4 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды», – деп хабарлады ведомство.

Тексеру нәтижесінде 859 қызметкердің құқығы қорғалып, оларға 535,8 миллион теңге төленген.

Министрлік ел бойынша 2 446 тексеру жүргізілгенін атап өтті. Оның барысында 2 799 заңбұзушылық анықталған.

Атап айтқанда:
— еңбек саласында – 2 340;
— еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 433;
— халықты жұмыспен қамту саласында – 26 заңбұзушылық тіркелген.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, жүргізілген шаралардың нәтижесінде 21,9 мың қызметкердің еңбек құқығы қорғалған.