Қазақстанда азаматтарға несие беру тәртібіне өзгеріс енгізу ұсынылды. Жаңа талап бойынша, банктер енді қарыз алушының тек ай сайынғы төлем қабілетіне ғана емес, оның барлық қарызының көлеміне де назар аударады. Яғни адамның жиынтық несиесі оның жылдық табысынан сегіз еседен аспауы тиіс, деп хабарлайды dalanews.kz.
Finratings.kz мәліметінше, норма 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі мүмкін. Жаңа ережеге сәйкес, банктер клиенттің барлық қаржылық міндеттемесін есепке алады. Оның ішінде ипотека, автонесие, тұтынушылық кредит, бөліп төлеу қызметтері мен микрокредиттер де бар.
Мысалы, егер азамат айына 300 мың теңге жалақы алса, оның жылдық табысы 3,6 миллион теңге болады. Демек, мұндай адамның барлық несиесінің жалпы көлемі 28,8 миллион теңгеден аспауы керек.
Ал айлығы 500 мың теңге болатын адамның лимиті шамамен 48 миллион теңгені құрауы мүмкін. Егер азамат айына 800 мың теңге табыс тапса, оның ең жоғары қарыз көлемі 76,8 миллион теңгеге дейін жетеді.
Материалда қазір көптеген қазақстандықтардың бір уақытта ипотека, автонесие және бірнеше бөліп төлеуді рәсімдеп жүргені айтылған. Осыған байланысты жаңа жүйе енгізілсе, қосымша несие алу қиындауы ықтимал. Әсіресе бірнеше белсенді рассрочкасы, кредит картасы немесе микрокредиті бар азаматтар үшін шектеу күшейеді.
Сондай-ақ енді бөліп төлеу сервистері де толыққанды қарыз ретінде есептеледі. Мысалы, Kaspi Red немесе басқа да рассрочка қызметтері адамның жалпы борыш жүктемесіне қосылады. Кредиттік картадағы пайдаланылған лимит пен микрокредиттер де есепке алынбақ.
Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама халықтың шамадан тыс қарызға батуын азайтуға бағытталған. Себебі соңғы жылдары Қазақстанда тұтынушылық несие көлемі күрт өскен. Банктер енді клиенттің нақты табысына көбірек мән беріп, қаржылық тәуекелі жоғары азаматтарға қарыз беруді шектеуі мүмкін.
Дегенмен жаңа жүйе кейбір қазақстандықтардың несие алуын қиындатуы ықтимал. Әсіресе табысы төмен немесе бірнеше белсенді несиесі бар азаматтарға банк тарапынан талап күшеюі мүмкін.