«AMANAT» бастамасы: С.Меңдешев ауылдық округінде заманауи мәдениет үйі бой көтерді

«AMANAT» бастамасы: С.Меңдешев ауылдық округінде заманауи мәдениет үйі бой көтерді

Жаңақала ауданы Қырқопа ауылы С.Меңдешев ауылдық округіндегі мәдениет үйі бірнеше жыл бойы апаттық жағдайда жұмыс жасап келді. Ауыл тұрғындарының әркез көтеретін мәселелерінің қатарында мәдениет үйінің күрделі жөндеу мәселесі болды. 2024 жылы «AMANAT» партиясының бастамасымен ауылда жаңа мәдениет үйі құрылысы басталып, қазіргі таңда толық пайдалануға берілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы өңірдің күй астанасы болып саналады. Бұл киелі аумақта қазақтың күй өнерін асқақтатқан атақты күй алыптары Құрманғазы Сағырбайұлы мен Дина Нұрпейісова дүниеге келген. Оқап Қабиғожин, Мамен, Тұяқберді Шәмелов, Қали Жантілеуов сынды атақты күйшілер де осы киелі жердің тарландары. 
150 орынға арналған жаңа мәдениет үйі барлық заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мәдениет үйі аумағында балаларға арналған коворкинг залы, би залы және кітапхана орналасқан.

Ауылдық округтегі жаңа мәдени нысанда ауыл тұрғындары мәдени-көпшілік іс-шаралар, жиналыстар, концерттік бағдарламалар ұйымдастыруға мүмкіндік алып отыр.

-    «Біздің ауылымыздағы мәдениет үйі ұзақ уақыт апатты жағдайда жұмыс жасап келді. Ауылдың жастары да, мектеп оқушылары талантты, әр түрлі байқауларға қатысып жүр. 2024 жылы ауылымызда жаңа мәдениет үйі салынып, ауыл тұрғындарының бір аманаты орындалды. Ауыл тұрғындары атынан, мәдениет саласы қызметкерлері атынан «AMANAT» партиясына бастамашы болғаны үшін алғысымызды білдіреміз,– дейді С.Меңдешев атындағы ауыл тұрғындары.

Аталған мәдени нысан тек жастарға ғана емес, барлық жастағы ауыл тұрғындарына арналған. Жоба аясында құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше көңіл бөлініп, тиісті бақылау жүргізілген.

-    «Жаңақала ауданы аумағында партияның сайлауалды бағдарламасы аясында бірқатар мәдени нысандар бой көтеріп, бірқатарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешев атындағы ауыл тұрғындарының аманаты – мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары сәтті аяқталды», - деді аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Гүлбану Дагарова.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында 2023 жылдан бері жалпы сыйымдылығы 690 орындық 6 мәдениет нысаны ашылып, 12 нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, пайдалануға берілді.