Шерзат Болаттың үйіндегі өрт: адвокат тарап жатқан ақпаратқа пікір білдірді

Сағыныш Сардарова 15 там. 2025 14:41

Марқұм Шерзат Болаттың отбасының адвокаты Мейірман Шекеев Instagram-дағы парақшасында БАҚ-та тарап жатқан ақпаратқа қатысты пікір білдірді,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, әлеуметтік желіде, ірі медиа порталдарда Қаржаубайдың үйі өртенгеніне байланысты іс тоқтатылғаны туралы ақпарат тарап жатыр.

"Десе де бұл шындыққа сәйкес келмейді. Себебі бізге мәлім ақпаратқа сәйкес ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 45-бабы 7-бөлігі 5-тармақшасына сәйкес тек сотқа дейін тергеп-тексеру мерзімі үзілген. Бұл деген сөз іс жабылғанын білдірмейді. Сондықтан шынайы ақпаратқа сенейік", - деді ол.

Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?

Еске салайық, былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, олардың үйі өртеніп кетті.

Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті алдын ала деректер бойынша ол суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрғанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті. 

Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Артынша Шерзат Болаттың әпкесі қамауға алынды. Кейін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Жуырда осы іс бойынша сот шешімі шықты. Тергеу мәліметінше, Шерзатқа пышақ жарақатын салған басты айыпталушы Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Равиль Сакиев 20 жылға сотталды.

Қалған айыпталушылар 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Кәмелетке толмаған Ы.Д. 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар