Қазақстандағы фитнес нарығы 120–130 млн доллар көлемінде бағаланады. Ал фитнес орталықтары мен спорт клубтарының жылдық айналымы 40-50 млрд теңгеден асады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Соған қарамастан елде фитнес жаттықтырушыларға арналған бірыңғай мемлекеттік тізім де, міндетті сертификаттау да жоқ.
Qazaq Expert Club-тың спорт саласындағы сарапшысы Евгений Азарьевтің айтуынша, жаттықтырушылар адамның денсаулығына тікелей әсер ететін ауыр жүктемелермен жұмыс істейді. Алайда бұл салада кез келген адам еңбек ете алады: кәсіби спортшы да, арнайы білімі жоқ әуесқой да.
Мәліметке сүйенсек, Қазақстанда шамамен 2,1 мың фитнес нысаны бар, ал бұл салада 10-15 мыңға жуық жаттықтырушы жұмыс істейді. Дұрыс дайындық пен білім болмаған жағдайда жаттығу кезіндегі жарақат жиілейді. Зерттеулерге сәйкес жарақаттың 30-40 пайызы жаттығуды қате орындаудан, ал жартысына жуығы шамадан тыс жүктемеден туындайды.
Әсіресе, балалар спорты алаңдатады. Өсіп келе жатқан кезде жіберілген қате сүйек жүйесінің дұрыс қалыптасуына кері әсер етуі мүмкін.
Сарапшының пікірінше, көптеген елдегідей Қазақстанда да жаттықтырушыларды міндетті түрде сертификаттау немесе лицензиялау жүйесін енгізу қажет. Бұл мамандардың кәсіби деңгейін арттырып, адам денсаулығына келетін қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді.
