Қазақстанда есту аппараттарын тегін алу тәртібі өзгерді: кімдерге қолжетімді?

Dalanews 24 қыр. 2025 09:45

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі 2025 жылғы 12 қыркүйектегі бұйрығымен ел халқын сурдологиялық көмекпен қамтамасыз ету қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Есту функциясының бұзылуын өтейтін медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету және оларды ауыстыру жұмыстары Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №287 бұйрығымен бекітілген «Мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (компенсаторлық) және мүгедектігі бар адамның жеке оңалту және абилитация бағдарламасына сәйкес оларды ауыстыру мерзімдерін реттейтін талаптарға сай жүзеге асырылады.

Сондай-ақ бұл іс-шаралар 2023 жылғы 30 маусымдағы №284 бұйрықпен бекітілген «Мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдардың, арнайы қозғалыс құралдарының және қызметтердің жіктеуішіне» сәйкес жүргізіледі.

Медициналық көрсеткіштер бойынша мүгедектігі жоқ азаматтарды есту протезімен қамтамасыз ету туралы шешім жергілікті өкілді органдардың шешімі негізінде қабылданады.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың жергілікті мемлекеттік денсаулық сақтау органдары өз өкілеттігі шеңберінде.

Медициналық көрсеткіштер бойынша мүгедектігі жоқ азаматтарды есту протезімен   қамтамасыз ету үшін медициналық бұйымдарды сатып алуды жүзеге асырады.

Есту функциясының 1,2,3 немесе 4 дәрежелі созылмалы (қайтымсыз) бұзылысы бар, бірақ мүгедектік мәртебесі жоқ тұлғаларды медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету және оларды ауыстыру жұмыстары жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

Қағидаларда есту протезі (есту аппараты) арқылы қамтамасыз ету оториноларинголог (сурдолог) дәрігерінің қорытындысы негізінде жүргізілетін аудиологиялық тексеруден кейін ғана жүзеге асырылатыны көрсетілген.

Сондай-ақ енгізілген өзгерістерге сәйкес, бастапқы медициналық-санитариялық көмек (БМСК) ұйымдарында жыл сайын үш жасқа дейінгі ( қоса алғанда) жас балаларға арналған әмбебап аудиологиялық скрининг жүргізу белгіленген.

Скрининг отоакустикалық эмиссияны тіркеу және қысқалатентті есту жауап потенциалдарын анықтау әдістері арқылы жүзеге асырылады.

Аталған бұйрық 2025 жылғы 28 қыркүйектен бастап күшіне енеді.                                                                                                              

Авторы: Асель Қайратқызы


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар