Ішкі істер министрлігі есірткіге қатысты екі құқықбұзушылықты қылмыстық санаттан әкімшілік жауапкершілікке ауыстыруды ұсынды. Тиісті заң жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұсыныс бойынша есірткіні өткізуді мақсат етпей, заңсыз сатып алу, сақтау немесе тасымалдау үшін қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Мұндай әрекетке 30 АЕК айыппұл немесе 10 тәулікке дейін қамау жазасы ұсынылып отыр.
Есірткіні заңсыз дайындағаны немесе өңдегені үшін 40 АЕК айыппұл не 15 тәулікке дейін қамау көзделген. Бір жыл ішінде қайталанса, жаза 50 АЕК айыппұлға немесе 20 тәулікке дейін қамауға дейін күшейтіледі.
Есірткіні қоғамдық орындарда медициналық мақсатсыз қолдану да әкімшілік жауапкершілікке ауыстырылмақ. Бұл жағдайда 40 АЕК айыппұл немесе 10 тәулікке дейін қамау ұсынылған.
Министрлік өкілдері бұл өзгерістер есірткіні заңдастыру деген сөз емес екенін атап өтті. Есірткіні өткізу мақсатында сақтағаны немесе тасымалдағаны үшін қылмыстық жауапкершілік сақталады.
Ведомство пікірінше, қылмыстық жауапкершілікті қолдануды азайту тергеу мен сотқа түсетін жүктемені төмендетіп, ұсақ мөлшерде есірткі сақтаған адамдардың сотталуын азайтуға мүмкіндік береді.