Қазақстанда ерлер неге әйелдерден көп табыс табады — сарапшы пікірі

Қаракөз Амантай 07 сәу. 2026 09:30

2025 жылы Қазақстан Гендерлік теңсіздік жөніндегі әлемдік индекс бойынша 148 елдің ішінде 92-орынға тұрақтап, бір жыл ішінде 16 сатыға төмендеді. Әсіресе әйелдердің шешім қабылдау деңгейіндегі көрсеткіштері әлсіз. Мәселен, олардың парламенттегі үлесі – 18,4%, ал министрлік қызметтерде небәрі 14,3%, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстандағы гендерлік теңсіздік қалай көрініс табатынын Qazaq Expert Club сарапшысы, инклюзия және гендерлік теңдік саласының маманы Нұржамал Иминова тарқатып берді.

Оның айтуынша, Дүниежүзілік банк деректеріне сәйкес, Қазақстанда білімі мен жұмыс орны ұқсас болғанына қарамастан, ерлердің табысы әйелдерден 27–31%-ға жоғары. Кейбір салаларда бұл айырмашылық тым жоғары деңгейге жетеді. Мәселен, ауыл шаруашылығында табыс айырмасы 112%-ға дейін барады.

Сарапшы мұның негізгі себебін еңбек нарығындағы салалық бөлініспен байланыстырады. Әйелдер көбіне білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік салада шоғырланған, ал бұл бағыттарда жалақы деңгейі дәстүрлі түрде төмен. Ал ерлер, керісінше, мұнай-газ, IT, құрылыс және қаржы секілді жоғары табысты салаларда жиі жұмыс істейді.

Жоғары білімнің өзі бұл теңсіздікті толық жоя алмай отыр. Елде кәсіби сегрегация айқын байқалады. STEM бағыттарында әйелдердің үлесі небәрі 14% болса, ерлерде бұл көрсеткіш 36,1%-ды құрайды. Ал білім беру саласында әйелдер ерлерден 3,4 есе, денсаулық сақтау саласында 2,6 есе көп. Бұл ұзақ мерзімде табыс айырмасын сақтап қалуға әсер етеді.

Өңірлік тұрғыдан алғанда, гендерлік алшақтық әсіресе мұнай-газ және кен өндіру саласы дамыған Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында айқын көрінеді. Бұл өңірлерде жоғары жалақы көбіне "ерлерге тән" салаларда шоғырланған. Ал Алматы мен Астана секілді ірі қалаларда жағдай екіұшты. Бір жағынан, жоғары табысты салаларда ерлер басым болса, екінші жағынан, әйелдер үшін мансаптық өсу мен еңбек нарығына қолжетімділік мүмкіндігі кеңірек.

Экономикада құрылымдық кедергілер де сақталып отыр. Әйелдер шағын бизнестің 27,6%-ын, орта бизнестің 31,7%-ын және ірі компаниялардың небәрі 17%-ын ғана басқарады. Бұл олардың ірі бизнеске қол жеткізу мүмкіндігінің шектеулі екенін көрсетеді. Сонымен қатар әйелдердің еңбекке қатысу деңгейі де төмен – 63,3%, ал ерлерде бұл көрсеткіш 74,6%-ға тең. Әйелдер арасында жұмыссыздық деңгейі де жоғары (5,5% қарсы 4,3%) әрі толық емес жұмыспен қамтылу жиі кездеседі.

Сарапшы "шыны төбе" құбылысының да әсерін атап өтеді. Жеке кәсіпкерлік деңгейінде әйелдердің үлесі шамамен 52% болса, орта және ірі бизнесте басшылықтағы әйелдер саны 24,1%-ға дейін, ал жоғары менеджментте 26%-ға дейін төмендейді.

Әйелдердің экономикалық жағдайына әсер ететін тағы бір фактор – үй шаруасындағы еңбектің тең бөлінбеуі. Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы мәліметіне сәйкес, ерлер жұмыс күндері үй шаруасына орта есеппен 48 минут, демалыста шамамен 1,5 сағат жұмсайды. Ал жұмыс істейтін әйелдер жұмыс күндері 2 сағат 13 минут, демалыс күндері 4 сағат 44 минут уақытын осыған арнайды. Бұл жүктеме олардың кәсіби дамуы мен табысын арттыру мүмкіндігін шектейді.

Аймақтық салыстыруда Қазақстан Орталық Азия мен Кавказ елдері арасында гендерлік теңдік көрсеткіші бойынша 69,8%-бен төртінші орында тұр. Ал көшбасшылар қатарында Армения (73,1%) мен Грузия (72,9%) бар. Ең төмен көрсеткіш Тәжікстанда тіркелген.

Жалпы алғанда, сарапшының пікірінше, Қазақстандағы гендерлік теңсіздік заңнаманың жетіспеушілігінен емес, экономиканың құрылымы, әлеуметтік рөлдердің бөлінуі және мүмкіндіктерге қолжетімділікпен байланысты. Осы факторлар өзгермейінше, формалды теңдік нақты теңдікке айналмайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove