Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Қазақстанда жертөлелер мен паркингтер халықты бомбадан қорғауға арналған орын ретінде пайдаланылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жерасты құрылыстары, паркингтер мен жертөлелер төтенше жағдай кезінде адамдарды қорғаудың ең тиімді жолдарының бірі.
“Біз бұрынғыдай арнайы үлкен бомбапаналар салу тәжірибесінен бас тартудамыз. Оның орнына халыққа қолжетімді жертөлелер мен паркингтерді паналау орындары ретінде қарастырып отырмыз. Алдын ала есептеуіміз бойынша, бұл жерлерде 14 миллионға жуық адамды орналастыруға болады”, – деді Әрінов.
Министрдің сөзінше, сауда орталықтарының иелері төтенше жағдай кезінде паркингтерін халыққа уақытша қорғаныс орны ретінде пайдалануға келісім білдірген.
“Стратегиялық және өндірістік нысандарда орналасқан бомбапаналардың 70%-ы жекеменшікке тиесілі. Бұл орындар ең алдымен кәсіпорын қызметкерлерін қорғауға арналған. Ал олардың жеке меншікке берілуі заңға қайшы емес”, — деді ол.
Дегенмен мұндай қорғаныс орындарының қазіргі жағдайы алаңдаушылық туғызатынын да жасырмады.
“Біз бұл мәселені бақылауда ұстап отырмыз. Барлық бомбапаналарға инвентаризация жүргізіп, оларды жергілікті билікпен бірге арнайы тізімге енгіземіз. Бұрын кәсіпорындар өздеріне тиесілі бұл орындарды бұзып, басқа мақсатта пайдаланып келген. Бұдан былай мұндай әрекеттерге жол берілмейді – бәрі қатаң бақылауда болады”, – деп сендірді министр.
Ресми мәліметке сәйкес, елдегі өнеркәсіптік нысандарда мыңнан астам бомбадан қорғану орны бар.