Freedom Inside '26

Қазақстанда бензин өндірісі азайды: Үкімет тапшылыққа жол бермеуге уәде берді

Қазақстанда бензин өндірісі азайды: Үкімет тапшылыққа жол бермеуге уәде берді
pixabay.com

Қазақстанда бензин өндірісі төмендеді, алайда билік елде жанармай қоры жеткілікті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында бензин, оның ішінде авиациялық керосин өндірісі 1,979 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға азайды. 2025 жылдың алғашқы төрт айында бұл көрсеткіш 2,084 млн тонна болған.

Сәуір айында өндіріс көлемі тіпті күрт қысқарып, наурыздағы 553,2 мың тоннадан 365,4 мың тоннаға дейін төмендеді. Яғни бір ай ішінде өндіріс 33,9%-ға азайған.

Автокөлік бензинінің өндірісі де төмендеген. Биылғы төрт айда 1,976 млн тонна бензин өндірілсе, былтыр осы кезеңде 2,079 млн тонна шығарылған. Төмендеу 4,9%-ды құрады.

Осыған байланысты премьер-министр Олжас Бектенов шекарадағы бақылауды күшейтіп, жанармай тапшылығына жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Үкімет мәліметінше, қазіргі уақытта елдегі бензин, дизель отыны және авиаотын қоры 1 млн тоннадан асады. Бұл көлем ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Мұнай өнімдері бірінші кезекте жанармай құю станцияларына, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне және отандық әуе тасымалдаушыларына жеткізіледі», – делінген хабарламада.

Қазір Энергетика министрлігінің бұйрығымен мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автокөлікпен Қазақстаннан шығаруға тыйым салынған. Сонымен қатар теміржол арқылы жеңіл дистилляттарды экспорттауға шектеу енгізіліп, автокөліктердің мемлекеттік шекараны тәулігіне бір реттен артық кесіп өтуіне шектеу қойылған.