2026 жылдың басында Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығы жоғары базаға шықты. Бастапқы тұрғын үйдің бағасы бір жыл ішінде 15–17%-ға өсіп, инфляция деңгейінен асып түсті. Ал көктем мезгілі дәстүрлі түрде нарықтағы белсенділікті күшейтіп, бағаға 3–5% үстеме қосуы мүмкін. Биыл бұл үрдіс салық және реттеуші өзгерістер аясында жалғасып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Құрылыс саласының сарапшысы, Qazaq Expert Club өкілі Диляра Сейітнұрованың пікірінше, бағаның жылдық өсіміне бірнеше негізгі фактор әсер еткен: 2026 жылдан бастап жаңа құрылыстарға 16% ҚҚС енгізілуі, құрылыс материалдары қымбаттауы және қаржыландыру құны артуы. Сонымен қатар, девелоперлер жаңа жобаларды нарыққа сақтықпен шығарып отыр, бұл да ұсыныс шектелуіне ықпал етеді.

Сарапшының айтуынша, мәжбүрлеп шығару ережелеріне қатысты өзгерістерді талқылау қайталама нарықтағы инвесторлар белсенділігін төмендетіп, сұраныстың бір бөлігін бастапқы нарыққа бағыттауы мүмкін.
Ипотекалық мөлшерлемелер жоғары болуына (18-22%) қарамастан, нарықты "Отбасы банкінің" жеңілдетілген бағдарламалары қолдап отыр. Көктемде бұл факторға депозиттер бойынша мемлекеттік сыйақы төленуі қосылады. Соның нәтижесінде наурызда баға өсімі эконом және комфорт класс сегменттерінде, соның ішінде Алматы мен Астанада 36 млн теңгеге дейінгі пәтерлерде байқалуы ықтимал.
Ал қайталама нарықта керісінше тоқырау қаупі сақталады. Бизнес және элит санатындағы тұрғын үйлер жеңілдетілген ипотека ықпалынан тыс қалып отыр.
