Қазақстанда әуежайлар әуекеросиннің бөлшек бағасын 2 есеге көтеріп тастаған

Көркем Алдабергенова 24 қаң. 2025 10:54 815

Қазақстанда әуежайлар әуекеросиннің бөлшек бағасын 1,5-2 есеге көтеріп отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеп.

«Қазіргі уақытта ішкі нарықта әуекеросиннің көтерме бағасы тоннасына 650-850 доллар деңгейінде қалыптасқан. Сонымен қатар, әуежайларда әуекеросиннің бөлшек бағасы - тоннасына 1100-1200 доллар деңгейінде. Соңғы бес жылда шетелдік әуе компаниялары орындаған халықаралық рейстер саны 58%-ға қысқарды. Жүк әуетасымалы көлемі 36%-ға төмендеді», – делінген Сенаттың хабарламасында ҚР Көлік министрлігінің деректеріне сілтеме жасай отырып.

Осылайша, ішкі нарықтағы әуекеросинінің көтерме бағасы мен әуежайлардағы бөлшек бағасы арасындағы айырмашылық 1,5-2 есе болып отыр.

Сенат мәліметінше, әуежайлар тәуелсіз жанармай жеткізушілерін өздерінің сақтау инфрақұрылымына кіргізуді шектеу тәжірибесін қолдануда, бұл әуе компаниялары үшін жанармайдың қымбат болуына себеп болып отыр.

Сонымен қатар, әуе билеті құнының құрылымында ең үлкен үлес – 36,5% әуекеросин шығындарына тиесілі, 14,9% – техникалық қызмет көрсету, 10,7% – әуежайлық қызмет көрсету, 8,6% – ұшақты жалға алу, ал қалғаны – ұшу қашықтығы, сұраныстың маусымдылығы және сатып алу күнімен байланысты.

2023 жылы жалпы тұтыну көлемі 883 мың тоннаны құрады, оның ішінде отандық әуекеросиннің үлесі 72%, импорттың үлесі 28% болды. Ақпаратта отандық әуе компаниялары жанармайдың 60%-ын, ал шетелдік әуе компаниялары 40%-ын пайдаланған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар