2025 жылы 207 мыңнан аса қазақстандық арнайы мемлекеттік жәрдемақы алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Арнайы мемлекеттік жәрдемақы кімдерге беріледі?
Қазақстанда ел алдындағы айрықша еңбегі үшін немесе төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен азаматтарға қосымша әлеуметтік көмек ретінде республикалық бюджеттен ай сайын арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша бұл жәрдемақыны алушылардың саны - 207,2 адам, оларға 26,7 млрд теңге төленген. Бұл мемлекеттік қолдау түрі Қазақстанда 1999 жылы енгізілді.
Жәрдемақы алуға құқылы азаматтардың 17 санаты Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен басқа мемлекеттердің аумағында өткен әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер;
- Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген азаматтар;
- Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлердің әйелдері мен қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасы мүшелері;
- "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болғандар;
- тыл еңбеккерлері;
- Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқандар;
- саяси репрессиялардың құрбандары, мүгедектігі бар адамдар немесе зейнеткерлер;
- Қазақстан Республикасы алдындағы ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалғандар және басқа да азаматтар.
Қанша теңге төленеді?
Жәрдемақы мөлшері санатқа байланысты және 2,13-тен 138,63 айлық есептік көрсеткішке дейін өзгеріп отырады. Арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері жыл сайын АЕК мөлшері артуына байланысты республикалық бюджет туралы заңда белгіленген тәртіп бойынша көтеріліп отырады.
Азамат бірнеше негіз бойынша АМЖ алуға құқылы болса, жәрдемақы тек олардың біреуі бойынша, өз таңдауы ескеріліп төленеді.
Қалай алуға болады?
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар да ҚР азаматтарымен тең дәрежеде арнайы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы.
АМЖ тағайындау үшін өтінішті eGov.kz порталы арқылы немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарында беру керек.
