Қазақстанда алдағы жылыту маусымына дайындыққа 384 млрд теңге бөлінді

Қазақстанда алдағы жылыту маусымына дайындыққа 384 млрд теңге бөлінді
Фото: gov.kz

Қазақстанда 2026 жылы алдағы жылыту маусымына дайындық аясында энергетикалық нысандарды күрделі жөндеуге 384 млрд теңге бағытталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 пайыз көп, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үкіметтің мәліметінше, 2025 жылы ел бойынша 10 энергия блогы, 63 қазандық және 39 турбина жөнделген. Сонымен қатар 17 мың шақырым электр беру желісі, 420 қосалқы станса және тозығы жеткен 323 шақырым жылу желісі жаңартылған.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде электр стансалары жабдықтарының орташа тозу деңгейі 53%-ға, жылу желілерінікі 50%-ға, ал электр желісі нысандарынікі 66,2%-ға дейін төмендеген. Сондай-ақ тәуекелі жоғары «қызыл» аймақтан бес жылу электр орталығы "сары" аймаққа, ал тағы үш ЖЭО "сарыдан" "жасыл" аймаққа ауыстырылған.

Биылғы қысқа дайындық үшін қоймаларда қазірдің өзінде 3,5 млн тонна көмір мен 143 мың тонна мазут жиналған. Жалпы халық пен коммуналдық секторды қамтамасыз ету үшін 7,3 млн тонна көмір дайындалады.

Үкіметтің хабарлауынша, 15 тамыздан бастап Республикалық штаб көмір тасымалын цифрлық жүйе арқылы бақылауға кіріседі.

"15 тамыздан бастап Республикалық штаб көмірдің кен орындарынан өңірлердегі тұйықтарға дейін жеткізілуін цифрлық форматта бақылайды. Бұл алыпсатарлықтың алдын алып, жасанды көмір тапшылығына жол бермеуге мүмкіндік береді", - деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.