Қазақстанда әкімдерге сынақ мерзімін енгізу ұсынылды

Көркем Алдабергенова 02 мау. 2025 14:49

Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Бақытжан Базарбек әкімдердің жұмыс тиімділігін арттыру және өңірлердің экономикалық өсімін күшейту мақсатында бірқатар ұсыныс айтты. Ол әкімдерге сынақ мерзімін енгізуді, инвестициялық белсенділік картасын жасауды және олардың жетістіктерін қамтитын ашық реестр әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Базарбектің айтуынша, қазіргі экономикалық жағдай шұғыл шараларды қажет етеді.

"Салық түсімдері азайып жатыр, бұл – ескерту белгісі. 2024 жылы салық түсімдері 604 миллиард теңгеге қысқарды. Біз Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында ЖІӨ өсіміне қарамастан, кіріс көлемі артпаған жалғыз мемлекет болып отырмыз", - деді депутат.

Ол 2016 жылы елде төрт донор өңір болса, бүгінде олардың саны үшеу ғана екенін айтты. Алайда сол үш өңірдің жүктемесі 8,7%-ға, яғни 37 миллиард теңгеге артқан. Ал қалған облыстар өз кірісін әдейі төмен көрсетіп, 2,3 триллион теңгені құрайтын субвенцияға тәуелді болып отыр.

Депутат әкімдерді инвестиция тарту, жемқорлықпен күрес және инновация енгізу бағытында әлсіз жұмыс істеп жатыр деп сынады.

"Неліктен республикалық бюджеттің кірісі өспей, керісінше өңірлерден алынатын қаражат көлемі артып жатыр? Демек, әкімдер инвестиция мен бизнеске қолайлы жағдай жасай алмай отыр. Жемқорлықпен күресті де, жаңашылдықты енгізуді де жеткілікті деңгейде жүргізбейді", - деді ол.

Осы мәселелерді шешу үшін Базарбек үш нақты ұсыныс айтты. Біріншіден, облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдеріне екі жылдық сынақ мерзімін енгізу керек. Бұл кезеңде олардың жұмысы нақты макроэкономикалық көрсеткіштермен бағаланады: өңір табысының деңгейі, салық жинау көрсеткіші, индустриялық жаңалықтар енгізу, стартаптарды дамыту, экономикалық өсім рейтингі, инвестициялық тартымдылық, тартылған инвесторлар саны, ашылған жұмыс орындары мен іске қосылған өндіріс орындары.

"Егер нәтиже болмаса, әкім тиімсіздігі үшін қызметтен кетуі тиіс", - деді депутат.

Екіншіден, өңірлердегі инвестициялық және инновациялық белсенділікті көрсететін ашық карта әзірлеу ұсынылды. Бұл карта азаматтарға қолжетімді болуы және әкімдердің жұмысына баға берудің бір құралына айналуы тиіс. Үшіншіден, әкімдердің инвестициялық, инновациялық және индустриялық белсенділігін көрсететін ашық реестр әзірлеу қажет.

Депутаттың пікірінше, тек осындай нақты әрі ашық тетіктер арқылы ғана Қазақстан экономикасындағы жағдайды түзетуге болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар