Биыл төрт айда есірткі қылмысы үшін 76 шетел азаматы ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Олардың 23-і есірткі сатқаны үшін, үшеуі аса ірі көлемде есірткі сақтағаны үшін, 29-ы контрабанда үшін ұсталған. Сондай-ақ, есірткі өсіру, жарнамалау және насихаттау деректері анықталған.
"Халықаралық ынтымақтастық аясында шет мемлекеттердің бірінде іздеуде жүрген шетел азаматы ұсталды. Ол Қарағанды қаласында синтетикалық есірткі өндіру жұмысын қашықтан ұйымдастырған. Астанада жалдамалы пәтерде Еуропа елдерінің бірінің 32 жастағы азаматы құрықталды. Ол есірткі жасырумен айналысқан. Одан 1,5 келі синтетикалық және каннабис түріндегі есірткі тәркіленді. Алматы қаласында Шығыс Еуропа елдерінің бірінің 44 жастағы азаматы ұсталып, одан 1,2 келі "A-PVP" синтетикалық есірткісі тәркіленді. Ақтау қаласында көрші мемлекеттердің бірінің 21 жастағы азаматы ұсталды. Күдікті есірткіні жасыру әдісімен таратқан. 30 грамм мефедрон айналымға жіберілмеді", - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.