Қазақстандағы уран қоры ұлттық атом станцияларын кемінде 60 жыл қамтамасыз етуге жеткілікті. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz сілтеме жасап.
“Ұлттық атом станцияларымызды қамтамасыз етуге жеткілікті уран бар. Қазіргі ресми мәліметке сәйкес, елдегі табиғи уран қоры шамамен 1 миллион тоннаға жуық. Финляндиямен де келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Оларда екі атом электр станциясы салынып жатыр. Келісімге келсе, жеткізу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі”, - деді Ғұмар Серғазин Informburo.kz-ке білдірген пікірінде.
Еске салайық, 28 қазанда Ақордада өткен іс-шараның кулуарында Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан уранын экспорттау жоспары туралы айтқан еді.
"Финляндияның атом электр станцияларына – сатып алушыларға қазақстандық уран жеткізу мүмкіндіктері талқылануда. Қазақстан әрдайым халықаралық нарықты кеңейтуге мүдделі, біз әрдайым серіктестерімізге қазақстандық уранды сатып алу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Біз бұл ұсынысты әріптестерімізге жеткіземіз", – деді ол.
Оның айтуынша, бұған дейін Финляндия билігі бұл мәселеге зор қызығушылық білдірген.
"Бұл сапар – осындай тасымалдың көлемі мен мүмкіндіктері жөнінде нақты келіссөздер жүргізуге өте жақсы мүмкіндік", – деп түйіндеді Алмасадам Сәтқалиев.
