Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртудың Ұлттық жобасы шеңберінде мемлекет тарифтердің өсімін тежеп ұстау үшін алынған заемдар бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялайды. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Тарифтердегі өзгеріске келсек, ұлттық жоба бойынша субсидиялау тетіктері қарастырылған, яғни заем түрінде тартылған қаражат тарифке енгізіледі, негізгі борыш және пайыздық мөлшерлемеге салынатын сыйақы бойынша. Бірақ тарифке қысымды төмендету үшін республикалық бюджеттен берілетін субсидиялар сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін жабатын болады, яғни несиедегі сыйақының 10% - ы тарифке енгізілетін болады. Ал жоғарыда айтылғандар мемлекет тарапынан субсидияланатын болады. Осылайша, біз тарифтің күрт өсімін тежеп, теңестіріп ұстаймыз. Жалпы, келесі жылға арналған жоспар бойынша тарифтер 20-30%-ға өседі", - деп атап өтті ол.
Бұған дейін Қанат Бозымбаев халықтың әлеуметтік осал топтарын коммунальдық қызметтер тарифтерінің күрт өсімінен қорғау үшін қандай шаралар қарастырылғанын айтып берген болатын.