Қазақстан алдағы 40 жыл ішінде темекі шегуге байланысты болатын 165 мыңға дейінгі мезгілсіз өлімнің алдын ала алады. Мұндай қорытындыны халықаралық Smoke Free Sweden ұйымының сарапшылары «Екі елдің тарихы» атты зерттеуінде жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Зерттеу авторлары Қазақстан мен Швецияның темекі тұтынумен күрестегі тәжірибесін салыстырған.
Қазақстандағы көрсеткіштер баяулаған
Баяндамада Қазақстанның 2000 жылдардың басынан бері темекі шегушілер санын азайтуда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізгені айтылған. Алайда кейінгі жылдары бұл үрдіс баяулаған. Мәселен, 2014 жылдан бері күн сайын темекі шегетін ересектердің үлесі 19 пайыздан 15 пайызға дейін ғана төмендеген. Қазір елде ерлердің 34 пайызы және әйелдердің 5 пайызы темекі тұтынады. Ал темекіге байланысты аурулар жыл сайын 17 мыңнан астам қазақстандықтың өмірін қиып отыр.
Швеция қандай нәтижеге жетті?
Зерттеуде Швецияның тәжірибесі мысал ретінде келтірілген. Елде 2012 жылдан бері темекі шегу деңгейі 54 пайызға қысқарған.
Бүгінде Швеция Еуропада темекіге байланысты аурулардың ең төмен деңгейі тіркелген мемлекеттердің бірі саналады. Сондай-ақ ер адамдар арасындағы өкпе обырынан болатын өлім-жітім Еуроодақтағы орташа көрсеткіштен 61 пайызға төмен.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай нәтижеге дәстүрлі шектеу шараларын зияны төмен баламаларға қолжетімділікпен ұштастыру арқылы қол жеткізілген.
Сарапшылар не ұсынады?
Зерттеу авторлары Қазақстанда никотин өнімдерінің бәріне бірдей көзқарас қалыптасқанын атап өтті. Олардың пікірінше, бұл темекі шегуді азайтудағы прогрестің баяулауына әсер еткен факторлардың бірі болуы мүмкін. Зерттеу авторларының бірі, кардиолог әрі зиянды азайту мәселелері бойынша маман Гинтаутас-Юозас Кентраның айтуынша, Қазақстан бұған дейін темекі шегушілер санын азайта алғанын дәлелдеді, алайда алдағы кезеңде икемді тәсіл қажет.
«Қазақстан темекі шегу деңгейін төмендете алатынын көрсетті. Алайда бүгінде барлық никотин өнімдері темекімен бірдей қауіп көзі ретінде қарастырылады. Ғылыми зерттеулер олардың тәуекелі әртүрлі екенін көрсетеді. Швеция ересек шылымқорларға реттелетін баламаларды ұсынды және сонымен бірге жастарды қорғауға бағытталған қатаң шараларды сақтап қалды», – дейді сарапшы.
Мемлекеттік саясатқа қандай өзгеріс қажет?
Зерттеу авторлары зиянды азайту қағидаттарын Қазақстанның денсаулық сақтау саясатына енгізуді ұсынады. Атап айтқанда, заңнамада дәстүрлі темекі өнімдері мен тәуекелі төмен балама өнімдердің ара-жігін нақты ажырату қажеттігін алға тартады. Олардың пікірінше, мұндай тәсіл жастарды никотиннен қорғау шараларын әлсіретпей, темекі шегетін ересектерге саналы таңдау жасауға мүмкіндік береді.
Сарапшылар қоғамдық ақпараттандыруды күшейтіп, никотин өнімдерінің тәуекел деңгейіндегі айырмашылықтарды ғылыми негізде түсіндіру маңызды екенін атап өтті. Олардың бағалауынша, осындай саясат болашақта мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға ықпал етуі мүмкін.