Сарапшылар жанармайға қатысты қауіп туралы ескерту жасады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстандық мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов Ресейдегі жанармай тапшылығының негізгі себептерінің бірі мұнай өңдеу зауыттарына ғана емес, логистикалық инфрақұрылымға жасалған шабуылдар екенін айтты. Оның пікірінше, бұл жағдай Қазақстанға да әсер етуі мүмкін.
«Ресейдегі жанармай дағдарысына қатысты түрлі бағдарламалар мен сараптамаларды қарап отырсам, көпшілік мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуылдарға ғана назар аударады. Бірақ шын мәнінде логистикаға жасалған соққылардың да маңызы кем емес», – деп жазды Байділдинов.
«Логистикалық тізбек бұзылып жатыр»
Сарапшының айтуынша, Ресейде мұнай өндіру жалғасып жатыр, мұнай өндіру орындарына немесе мұнай құбырларына айтарлықтай шабуыл жасалған жоқ. Мұнай бұрынғыдай мұнай өңдеу зауыттарына жеткізіліп, сол жерде өңделеді.
«Кеңес Одағы кезінде және кейін Ресейде барлық мұнай өңдеу зауыттары соғыс жағдайын ескеріп, қосымша қуатпен салынған. Сондықтан жанармай нарығы осы уақытқа дейін ұстап тұрды. Ал Қазақстанда жағдай басқаша – біздің барлық зауыт өндірістік қуатының шегінде жұмыс істейді, ал тапшылық Ресейден жеткізілетін өнім арқылы жабылып келеді», – деді ол.
Байдильдиновтың айтуынша, көпшілік елемейтін тағы бір мәселе – жанармай сақтау базаларына жасалып жатқан шабуылдар.
«Мұнай өңдеу зауыттары бензовоздарға миллиондаған литр жанармайды тікелей құюға есептелмеген. Әдетте өнім алдымен теміржол цистерналарына құйылады, одан кейін мұнай базаларына жеткізіледі. Сол жерде жанармай түрлері бойынша бөлініп, кейін ғана жанармай құю бекеттеріне таратылады. Сондықтан мұнай базаларына жасалған шабуыл – "ұңғыма – мұнай өңдеу зауыты – мұнай базасы – жанармай құю бекеті" тізбегіне жасалған соққы», – деді сарапшы.
Оның айтуынша, бүлінген мұнай өңдеу зауыттары мен жанармай сақтау базаларын қалпына келтіруге кемінде екі жыл қажет болуы мүмкін.
«Ресейдің еуропалық бөлігін қамтыған жанармай дағдарысы бүкіл өңірге әсер етеді. Бұл дағдарысқа қазірден бастап байыппен дайындалу қажет», – деді Байділдинов.
«Қазақстан өзін жанармаймен толық қамтамасыз ете алмайды»
Қоғам қайраткері Денис Кривошеев те Қазақстанға жанармай дағдарысына дайындалу қажет екенін айтты.
«Мен жанармай дағдарысына дайындалу керек деген пікірімді қайталаудан жалықпаймын. Қазақстан өзін жанар-жағармаймен толық көлемде қамтамасыз ете алмайды. Тіпті барлық жанармай түрі бойынша импортқа тәуелді елміз десек те болады. Үкіметтің бұл қатерге назар аударып отырғаны жақсы, одан да жаманы – ешқандай мәселе жоқ деп айту болар еді», – деді ол.
Оның айтуынша, елде күз сайын егін жинау науқаны кезінде жанармай тапшылығы қайталанады. Автокөлік саны да тұрақты өсіп келеді.
«Бұрын жағдайды Ресейден жеткізілетін жанармай құтқаратын. Енді оған үміт артудың мәні жоқ», – деді Кривошеев.
Контрабанда мен авиациядағы тәуекел
Сарапшы жанармай бағасының айырмашылығы контрабанданы күшейтуі мүмкін екенін де айтты.
«АИ-92 бензинінің бағасы Ресейде шамамен 100 рубль немесе 630 теңге болуы мүмкін. Мұндай маржа заңсыз тасымалды өте табысты бизнеске айналдырады. Оның үстіне мұндай схемаларға шенеуніктер мен күштік құрылым өкілдері де араласуы мүмкін», – деді ол.
Кривошеев авиация саласында да қиындықтар тууы ықтимал екенін атап өтті.
«Біз авиациялық керосиннің жартысына жуығын сырттан сатып аламыз. Қытайға қайта бағдарлануға болады, бірақ оған қажетті инфрақұрылым жоқтың қасы», – деді ол.
Ұсынысы қандай?
Кривошеев шетелдік коммерциялық және транзиттік ұшақтарға жанармай құюды уақытша тоқтатып, ішкі қор жинауды ұсынды. Сонымен бірге жанармай бағасын көрші елдермен теңестіру және халыққа кэшбэк жүйесін енгізу қажет деп есептейді.
«Мысалы, жүргізуші жанармайды банк картасымен төлесе, айына 200–250 литр көлеміндегі үстеме ақы картаға қайтарылуы мүмкін. Ал одан артық көлем коммерциялық бағамен сатылуы тиіс. Мұны тез енгізуге болады. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі», – деді ол.
Сөз соңында Кривошеев жағдайдың алдағы уақытта күрделене түсетінін айтып, «Артық сақтық шараларын қабылдаған дұрыс, кейін оның салдарымен күрескеннен гөрі», деп түйіндеді.