Қазақстан жаңа технология кезеңіне аяқ басты. Күні кеше Алатау қаласында Орталық Азиядағы алғашқы eVTOL аэротаксиінің демонстрациялық ұшуы өтті. Аспанға тік көтерілген электрлі аппарат жиналған жұрттың назарын бірден өзіне аударды. Әдеттегі тікұшақтай гүрілдеген дыбыс жоқ. Аспанға баяу көтерілген аппарат айналып ұшып өткен сәтте көпшілік телефондарын көтеріп, тарихи кадрды түсіріп әлек болды. Ұйымдастырушылар аталған жобаны жай ғана технологиялық шоу емес, Қазақстандағы жаңа көлік индустриясының бастамасы ретінде таныстырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық компаниялар, инвесторлар мен БАҚ қатысты. Демонстрациялық ұшуды қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. компаниясы Қытай, АҚШ, Италия және Оңтүстік Кореядағы серіктестерімен бірлесіп ұйымдастырды.

Қазақстан қалалық әуе мобильдігіне бет бұрды
Кейінгі жылдары әлемде Urban Air Mobility, яғни қалалық әуе мобильдігі ұғымы жиі айтыла бастады. Бұл – қала ішінде немесе қала маңында адамдар мен жүктерді әуе арқылы тасымалдауға арналған жаңа көлік жүйесі. Оның негізінде eVTOL деп аталатын электр қуатымен тік ұшып-қонатын аппараттар жатыр.
Сыртқы келбеті жағынан бұл аппараттар тікұшақ пен дронның аралас нұсқасына ұқсайды. Кейбірі шағын ұшаққа да келеді. Бірақ басты ерекшелігі – олардың толық электр қуатымен жұмыс істеуі. Яғни, ауаға зиянды қалдық шығармайды және кәдімгі тікұшақтарға қарағанда әлдеқайда тыныш ұшады.
Alatau City-де таныстырылған негізгі аппарат – Қытайдың AutoFlight компаниясы жасаған Prosperity моделі. Аппарат бір ұшқыш пен төрт жолаушыға арналған. Оның жылдамдығы сағатына 200 шақырымға дейін жетеді. Ал бір рет қуатталғаннан кейін шамамен 200 шақырым қашықтыққа ұша алады.
Аппарат 13 электр қозғалтқышымен жабдықталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, оның дыбыс деңгейі шамамен 65 децибел ғана. Бұл – сауда орталығындағы қалыпты шу деңгейімен шамалас. Салыстырмалы түрде айтсақ, жүк көлігінің дыбысы шамамен 80 децибелге жетеді. Сондықтан eVTOL аппараттары қала ішінде қолдануға әлдеқайда ыңғайлы көлік ретінде қарастырылып отыр.

Тарихи сәт
Шара барысында сөз сөйлеген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қазақстан жаңа көлік жүйесінің қалыптасу кезеңіне қадам басқанын айтты.
"Біз бүгін тарихи сәттің куәсі болып тұрмыз. Алатау қаласында жаңа көлік түрінің іргетасы қаланып жатыр. Бұл – мүлде жаңа жүйе. Әлемнің өзінде мұндай технологиялар әлі өндірістік масштабта толық қолданылып жатқан жоқ. Бірақ Қазақстан бүгін осы бағытта алғашқы қадам жасап отыр", – деді әкім.
Оның айтуынша, Alatau City алдағы уақытта жаңа технологиялар сынақтан өтетін арнайы аймаққа айналады.
"Жақында Мемлекет басшысы Alatau қаласының арнайы мәртебесі туралы заңға қол қойды. Бұл жерде арнайы құқықтық режим болады. Мұның бәрі осындай заманауи технологияларды дамытуға мүмкіндік береді", – деді Марат Сұлтанғазиев.
Әкім жаңа әуе мобильдігі уақыт үнемдеп қана қоймай, көлік шығындарын азайтуға да ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті.

Alatau City болашақтың қаласы бола ма?
Шара барысында ұйымдастырушылар Alatau City-ді болашақ технологиялары енгізілетін инновациялық алаң ретінде сипаттады.
Alatau City Authority атқарушы директоры Әлішер Абдықадыров бүгінгі сынақ ұшуының символдық маңызы зор екенін айтты.
"Бүгін бір eVTOL аэротаксиі ұшты. Бірақ іс жүзінде біз елдің технологиялық амбициясын жаңа деңгейге көтеріп жатырмыз. Егер жаңа қалалық авиация индустриясын дәл қазір дамытпасақ, бұл мүмкіндікті басқа мемлекеттер пайдаланып кетеді", – деді ол.
Оның айтуынша, Alatau City жаңа индустриялар мен инновацияларды дамытуға бағытталған арнайы экожүйе ретінде жоспарланып отыр.
Алматы әуежайынан Медеуге – 10 минут
Ұйымдастырушылардың жоспары бойынша, болашақта аэротаксилер Алматы әуежайы, қала орталығы, Alatau City және туристік аймақтарды байланыстыруы мүмкін.
Алдын ала есептер бойынша, Алматы әуежайынан Медеуге дейінгі жол небәрі 10–12 минут уақыт алады.
Алматыдағы тұрақты кептелістерді ескерсек, бұл идея көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Дегенмен әзірге бұл – болашақ сценарийі.
Әуе таксиі ғана емес
Іс-шарада тек жолаушылар аэротаксиі ғана көрсетілген жоқ. Ұйымдастырушылар қалалық әуе мобильділігінің толық экожүйесін таныстыруға тырысты.
Олардың қатарында жүк жеткізуге арналған дрондар, төтенше жағдайларға арналған ұшқышсыз жүйелер, цифрлық әуе навигациясы платформалары болды.
Шарада Қытайдың Keeta Drone және АҚШ-тың A2Z компанияларының жүк жеткізу жүйелері де таныстырылды. Ал Оңтүстік Корея мен Қытай мамандары әзірлеген UATM платформасы қалалық әуе қозғалысын цифрлық басқаруға арналған.

Ұйымдастырушылар мұның бәрін әлемде қалыптасып келе жатқан жаңа инфрақұрылымдық сала – Low Altitude Economy, яғни “төмен биіктегі экономика” деп атады. Бұл жүйе жолаушылар тасымалы, жүк логистикасы және цифрлық әуе басқаруын біріктіреді.
Қазақстан “әуе кодексін” әзірлеп жатыр
Жобаның тағы бір маңызды тұсы – оған қажетті заңнамалық база қатар дайындалып жатыр.
2026 жылдың 8 мамырында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға қол қойған. Заңның 57-бабында қалалық әуе мобильдігі технологияларын енгізу, арнайы әуе дәліздерін құру және эксперименттік құқықтық режим мәселелері қарастырылған.
AAAG компаниясы осы жобаға байланысты шамамен 40 нормативтік-құқықтық актіні әзірлеуге қатысып жатыр. Ұйымдастырушылар мұны бейресми түрде «Алатаудың әуе кодексі» деп атайды.

Неге дәл AutoFlight таңдалды?
AAAG бастапқыда АҚШ, Қытай, Еуропа және Бразилиядағы бірнеше eVTOL өндірушілерін зерттеген. Нәтижесінде сынақ ұшулары үшін AutoFlight компаниясы таңдалған.
Бұл компания 2017 жылы Шанхайда құрылған. Қазір AutoFlight жолаушыларға арналған eVTOL аппараттарын, жүк тасымалдаушы әуе жүйелерін, экологиялық вертипорттарды әзірлейді.
Компания әлемдік бірнеше рекорд орнатқан. Соның ішінде бір қуаттаумен 250 шақырымнан астам ұшқан, әлемдегі алғашқы 5 тонналық eVTOL аппаратын жасаған, Қытайда нақты жүк тасымалдау операцияларын іске қосқан.
AutoFlight өкілдері қазіргі eVTOL технологияларының даму кезеңін электромобильдердің 10–15 жыл бұрынғы жағдайымен салыстырды.
“Қазақстан бұл өзгерістерге алғашқы кезеңде қосылып отыр. Сондықтан біз Alatau City-ді болашақ аэротакси жүйелерін тестілеуге арналған маңызды орталықтардың бірі деп санаймыз”, – деді компания өкілдері.
Әлем аэротакси дәуіріне дайындалып жатыр
Бүгінде eVTOL нарығына Toyota, Hyundai, Stellantis сияқты алып компаниялар инвестиция құйып жатыр.
Қытай қазірдің өзінде коммерциялық аэротакси рейстерін іске қосқан алғашқы елге айналды. Дубайда аэротаксиді Uber қосымшасы арқылы шақыру жоспарланып отыр. Ал Оңтүстік Корея Urban Air Mobility туралы арнайы заң қабылдаған.
Morgan Stanley сарапшыларының болжамынша, 2040 жылға қарай Urban Air Mobility нарығының көлемі 1–1,5 трлн долларға жетуі мүмкін.