Қазақстан дәстүрлі өнеркәсіп салаларында, ең алдымен тау-кен металлургия кешенінде жаңа өңдеу деңгейлерін құру арқылы тұрақты әрі сапалы экономикалық өсімге қол жеткізе алады. Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында экономикалық шолушы Юрий Масанов мәлімдеп, отандық металлургия секторының әлеуетін сарапқа салды, деп хабарлайды Dalanews.
Сарапшының атап өтуінше, ел ішінде өндірілген шикізаттың басым бөлігі әлі де болса өңделмеген күйі шетелге сатылып жатыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, 2024 жылы сыртқа 3,14 млрд АҚШ долларына 1,8 млн тонна мыс кені мен концентраты шығарылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2,8 млрд долларға 1,4 млн тоннаны құрады. Ал 2026 жылдың алғашқы жеті айында 2,3 млрд доллардың 845 мың тонна шикізаты экспортталған.
Экспорттан түсетін валюталық түсім толастамағанымен, шикізатты өңдемей сату негізгі қосылған құнды өзге елдердің еншісінде қалдырады. Сарапшының пікірінше, мыс концентраты — өндірістік тізбектің бастапқы баспалдағы өнім. Содан кейін балқыту, қара және анодты мыс, рафинадталған катодты мыс алу, одан әрі сым, кабельдер мен күрделі техникалық жабдықтар өндірісі жолға қойылуы тиіс.
«Осы жаңа қайта өңдеу деңгейлерінің әрқайсысында қосылған құн өседі. Бұл дегеніміз — жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының пайда болуы, білікті мамандарға, энергетикаға, транспорт пен сервисге деген сұраныс. Шикізат экспортының орнына біз ел ішінде толыққанды өнеркәсіптік экожүйе қалыптастыра аламыз», — деді Юрий Масанов.
Бұған қоса, өнімді терең өңдеу алтын мен күміс сияқты бағалы металдарды бөліп алуға және әлемдік логистикалық кедергілер тұсында уран саласына қажетті күкірт қышқылын өндіруге мүмкіндік береді.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің жасанды интеллект, дата-орталықтар мен жасыл технологиялардың жедел дамуына байланысты 2035 жылға қарай мыс тапшылығы орын алады деген болжамын ескерсек, Қазақстанға жаңа инвестициялық циклды бастау ауадай қажет.
Экономистің түйіндеуінше, бұл бағыттағы алғашқы серпін ел ішінде жаңа медеплавильный зауыттардың құрылысы болуы тиіс.