Баянауыл ұлттық паркіне өрт қаупі төнді

Баянауыл ұлттық паркіне өрт қаупі төнді
qazaqormany

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында басталған дала өрті Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Өрт 14 қыркүйекте сағат 11:58-де Бұқар жырау ауданы аумағында, Баянауыл ұлттық паркінің шекарасына жақын жерде құрғақ шөптің тұтануынан басталған. Сағат 20:40-та жалын ұлттық парк аумағына жеткен.

Өрт Далбин бөлімшесінің 16-орамындағы 5-бөлікте тіркелген. Жалынның 24 және 28-орамдардың жекелеген учаскелеріне таралу қаупі болған.

Өртті сөндіруге Баянауыл ұлттық паркінің, «Ертіс Орманы» резерватының, Төтенше жағдайлар қызметінің, Екібастұз қаласы мен Майқайың кентінің күштері мен техникасы, сондай-ақ Павлодар облыстық орман инспекциясының мамандары жұмылдырылды.

Өртті әуеден бақылау үшін тікұшақ пен екі десантшы тартылды.

Қазір өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай бақылауда. Баянауыл ұлттық паркі ерекше қорғалатын табиғи аумақ саналады, оның аумағы 68,4 мың гектардан асады.