Алматы тұрғындары Есентайдағы жаңа муралды сынады: әкімдік не дейді?

Алматы тұрғындары Есентайдағы жаңа муралды сынады: әкімдік не дейді?
Алматы әкімдігі

Алматыда Есентай өзені жағалауындағы жаңа мурал жұрттың сынына ұшырады. Әлеуметтік желі қолданушылары муралдың түсі тым ашық әрі композиция түсініксіз екенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алматы әкімдігі өкілдері осы жайтқа қатысты пікір білдірді.

"Бұқар жырау көшесінен Тимирязев көшесіне дейінгі Есентай жағалауы бойында жаңа қалалық арт бағыт жасалады. Кәдімгі сұр бетон қабырғалардың орнына мұнда көркем композиция пайда болады. Жоба қала туралы әнге негізделген. Олар кезең-кезеңімен орналастырылады. Шығарма жағалау бойымен жүрген сайын біртіндеп көрініп, тұтас бір хикаяға айналады. Ал QR код арқылы әнді тыңдап, композициядан оның мәтініндегі жолдарды тауып, арт бағытты бойлай серуендеуге болады", - деп жазылған хабарламада.

Әкімдік мәліметінше, бетонды безендіру үшін сыртқы жұмыстарға арналған кәсіби бояу және арнайы граффити бояуы пайдаланылады.

"Материалдарды таңдауда олардың ауа райына төзімділігі, түсін ұзақ сақтауы және жабынның беріктігі ескерілді. Жоба демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылады", - деп сендірді әкімдік өкілдері.

Сонымен қатар, Алматыда 20 қыркүйекте қала күніне орай танымал стрит-арт суретшілер қатысатын арт-фестиваль өтеді. Бұдан бөлек, 18 қыркүйекте қала күніне орай 1000 жас суретші бір мезетте Алматыны бейнелейді.