2026 жылғы 14 қазанда Алматыдағы SmArtPoint IT-хабында IV Qazaqstan IGF 2026 – Интернетті басқару жөніндегі ұлттық форум өтеді. Аталған алаңда мемлекеттік органдар, бизнес, IT-қоғамдастық, азаматтық сектор және академиялық орта өкілдері бас қосып, еліміздің цифрлық дамуындағы өзекті мәселелерді талқылайды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Биылғы форумда Цифрлық кодексті іс жүзінде қолдану, жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалану, азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау және Қазақстанның интернет-инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Форум бағдарламасына жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану, интернеттегі балалардың қауіпсіздігі, Цифрлық кодексті іске асыру, цифрлық активтерді реттеу және «Цифрлық құқықтардың сақталуы рейтингі – 2026» нәтижелерінің таныстырылымы енгізілген. Сондай-ақ интернетті көп тарапты басқарудың орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудегі рөлі талқыланады.
Іс-шара аясында «Цифрлық экономикаға арналған цифрлық мамандықтарды даярлау» сессиясы ұйымдастырылып, Киберқұқық мектебінің сарапшылары заңгерлерге арналған жасанды интеллект бойынша жаңа курсты таныстырады. Бағдарлама IT-жобалар мен жасанды интеллект технологияларын құқықтық сүйемелдеуге қажетті практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған.
Qazaqstan IGF 2026 форумын «Eurasian Digital Foundation» қоры мен «Қазақстанның цифрлық құқықтар орталығы» заң фирмасы ұйымдастырады. Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшылығының қолдауымен өткізіліп, оған мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, жоғары оқу орындары мен салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысады.
Форумға қатысу үшін алдын ала тіркелу қажет. Қатысушылар іс-шараға Алматы қаласында офлайн форматта қатыса алады немесе онлайн трансляция арқылы қосылуға мүмкіндік алады.
Толық ақпарат пен тіркелу тәртібі Qazaqstan IGF ресми сайтында жарияланған.
