Қазақстандағы волонтерлік қозғалыс соңғы жылдары жекелеген бастамалар мен акциялар шеңберінен шығып, жүйелі әрі ұзақ мерзімді бағытқа айналып келеді. Мемлекеттік қолдау тетіктерінің қалыптасуы, волонтерлер үшін қажетті инфрақұрылымның дамуы және олардың еңбегін ынталандыру қозғалыстың тұрақты дамуына жаңа мүмкіндіктер ашты.
Бұл бағыт халықаралық деңгейде де жалғасын тауып отыр. Астанада өткен ТМД волонтерлерінің алғашқы форумы волонтерлік қозғалысты дамыту, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды іске асыру үшін маңызды алаң қалыптастырды. Форум аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Волонтерлер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбановты қабылдап, волонтерлік қозғалысты одан әрі дамыту және Халықаралық волонтерлер жылын іске асыру мәселелерін талқылады.
Қазақстанның волонтерлік қозғалысты дамытудағы тәжірибесін жоғары бағалайтындардың бірі – Беларусь Республикасының Республикалық волонтерлік орталығының басшысы Егор Подоляк. Оның пікірінше, Қазақстанның волонтерлікті институционалдық деңгейде қолдауға бағытталған саясаты қозғалыстың тұрақты дамуына берік негіз қалыптастырған.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Волонтерлер жылынан бері волонтерлік қозғалысты жүйелі түрде қолдап келеді. Бүгінде бұл бағыт халықаралық деңгейде де жалғасын тауып отыр. Осы жолға ішкі үдерістер тұрғысынан көз жүгіртсек, Мемлекет басшысының волонтерлікті дамытуға қатысты қандай шешімдерін ең маңызды деп бағалар едіңіз?
- Беларусь Республикасының Республикалық волонтерлік орталығының басшысы ретінде ТМД-дағы әріптестеріміздің волонтерлік секторды дамыту бағытындағы жұмыстарын мұқият бақылап келемін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылды Волонтерлер жылы деп жариялау туралы бастамасы жай ғана күнтізбелік маңызды оқиға емес, терең әрі жүйелі реформаларға серпін берген қуатты катализатор болды. Мемлекет басшысының ең маңызды шешімі ретінде волонтерлікті институционалдандыру бағытын атап өтер едім. Қазақстан Президенті еріктілікті стихиялық қайырымдылық акциялары деңгейінен ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегия деңгейіне көтерді. Бірыңғай цифрлық платформаны құру және қолдау, волонтерлік бастамаларды мемлекеттік гранттық қаржыландыру тетіктерін енгізу, сондай-ақ волонтерлік тәжірибені толыққанды еңбек өтілі ретінде заңнамалық тұрғыдан мойындау – қозғалысты дамытудың берік негізін қалаған іргелі шешімдер. Бұл – мемлекеттің саяси ерік-жігері азаматтардың өзін-өзі жүзеге асыруына нақты мүмкіндіктер қалыптастыра алатынының жарқын мысалы.
- Бүгінде еліміздегі волонтерлер саны 300 мыңға жуықтады, ал Халықаралық волонтерлер жылы аясында мыңнан астам іс-шара өткізіліп жатыр. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның волонтерлік қозғалысты қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатының тиімділігін қаншалықты көрсетеді?
- Сандардың өзі көп нәрсені аңғартады. Қазақстандағы волонтерлер санының 300 мыңға жуықтауы және мыңдаған ауқымды іс-шараның өткізілуі – жастардың мемлекет жүргізіп отырған саясатқа деген сенімінің тікелей әрі ең объективті көрсеткіші. Мұндай нәтижеге мемлекеттік аппарат пен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылсыз қол жеткізу мүмкін емес. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық волонтерлік желімен бірлесіп, жас ұрпаққа түсінікті әрі қолжетімді қолдау экожүйесін қалыптастыра алды. Беларусьтегі бізге де мұндай тәсіл өте жақын, өйткені біз өз жүйемізді мемлекеттік білім беру ұйымдары мен Республикалық волонтерлік орталықтың базасында қалыптастырып жатырмыз. Қазақстанның тәжірибесі көрсеткендей, мемлекет волонтерге жай ғана декларация емес, нақты инфрақұрылым, әдістемелік қолдау және оның еңбегіне деген құрмет ұсынған кезде, қоғам оған ауқымды әрі жасампаз белсенділікпен жауап береді.
- Президенттің бастамасымен волонтерлік қызметті ынталандыру алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілді. Бұл шешім волонтерлікті одан әрі дамытуға және оның қоғамдағы рөлін арттыруға қандай мән береді?
- Волонтерлік қызметті мемлекеттік қолдау және ынталандыру туралы норманың Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілуі – тек ТМД кеңістігі үшін ғана емес, жаһандық ауқымда да тарихи әрі бұрын-соңды болмаған шешім. Бұл шешім волонтерлікті ең жоғары құндылықтар деңгейіне көтереді. Енді Қазақстандағы еріктілік жай ғана әлеуметтік хобби немесе қоғамдық белсенділік емес, конституциялық тұрғыдан қорғалған мемлекеттік құндылық әрі ұлттық бірегейліктің маңызды элементі. Волонтерлердің өздері үшін бұл – олардың қоғамға қосқан үлесінің мемлекет деңгейінде мойындалғанын білдіретін аса маңызды белгі. Бұл қадам сыртқы жағдайларға қарамастан, волонтерлік қозғалысты қолдаудың сабақтастығына кепілдік беріп, азаматтардың өз елінің дамуына үлес қосып жатқанына деген терең жауапкершілік сезімін қалыптастырады.
- Бүгінгі ТМД волонтерлер форумы Қазақстанның бастамасымен өтіп, халықаралық ынтымақтастық үшін жаңа алаң қалыптастырып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бағыттағы жүйелі саясаты Қазақстанның өңірдегі волонтерлік бастамаларды дамыту орталықтарының біріне айналуына ықпал ете ала ма?
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың волонтерлік бағыттағы жүйелі саясаты және Астанада ТМД волонтерлерінің бірінші форумының өткізілуі Қазақстанды өңіріміздегі волонтерліктің негізгі орталықтарының біріне айналдырып отырғанына кәміл сенімдімін. Бұл форумды өткізуді бастамалаған Қазақстан көшбасшылық әрі интеграциялық миссияны өз мойнына алды. Бізге бірыңғай стандарттар әзірлеу, әдістемелермен алмасу және экология, тарихи мұраны сақтау, инклюзия, киберқауіпсіздік бағыттарында трансшекаралық жобаларды іске қосу үшін тұрақты халықаралық алаң қажет. Беларусь Республикасының Республикалық волонтерлік орталығы ТМД-ның жастар волонтерлік қозғалысын ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету жөніндегі базалық ұйымы ретінде Қазақстанның осы саладағы көшбасшылығын шын жүректен қолдайды. Біз Форумды Достастықтың бүкіл кеңістігіндегі жастар интеграциясының тұрақты қозғаушы күшіне айналдыру үшін қазақстандық әріптестерімізбен тығыз стратегиялық серіктестік орнатуға дайынбыз.