Ұлттық қор қаражатын инфрақұрылымға жұмсау не үшін қажет? – сарапшы пікірі

Ұлттық қор қаражатын инфрақұрылымға жұмсау не үшін қажет? – сарапшы пікірі
Ашық дереккөз.

Қазақстан Үкіметі 2027–2029 жылдары Ұлттық қордан республикалық бюджетке шамамен 11,9 трлн теңге трансферт алуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның 5 трлн теңгесі әлеуметтік, коммуналдық, энергетикалық және көлік инфрақұрылымындағы маңызды жобаларды қаржыландыруға арналған нысаналы трансферт болады. 

Бұл шешім Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды озық қарқынмен салу жөніндегі ұстанымымен байланысты. Бұған дейін Мемлекет басшысы 2027–2029 жылдарға арналған бюджетте халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін ауруханалар, балаларды оңалту орталықтары, мәдениет және спорт нысандары сияқты жобаларға басымдық берілуі керектігін айтқан. 

Саясаттанушы және экономикалық мәселелерді талдаушы Ғазиз Әбишев өзінің Telegram арнасындағы жазбасында Үкіметтің Ұлттық қор трансферттерін одан әрі пайдалану мәселесіне қатысты пікір білдірді.

Оның пайымынша, Ұлттық қор қаражатының бір бөлігін әлеуметтік инфрақұрылымды салуға бағыттау Үкіметтің Мемлекет басшысы берген тапсырмаларын орындауы ретінде қарастырылуы мүмкін.

«Сөз Ұлттық қор қаражатының белгілі бір бөлігін үш жылдық бюджетте жоспарланған әлеуметтік инфрақұрылымды салуға бағыттау туралы болып отыр. Мұнда бірнеше мәселе бар. Біріншіден, тек бюджет қаражаты есебінен құрылыс жүргізілсе, бұл процесс ұзаққа созылады, ал адамдар күте алмайды. Мектептер, ауруханалар, жолдар мен көпірлер қажет. Әсіресе халық тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерде мұндай нысандар қазір қажет. Екіншіден, бұл дағдарыс кезеңінде экономиканы ынталандыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, әлемдік инфляция жағдайында құрылысты кейінге қалдырғаннан гөрі қазір жүргізген тиімді болуы мүмкін. Өйткені ақша да уақыт өте құнсызданады», – деп жазды Газиз Әбишев.

Үкіметтің қазіргі жоспары бойынша 2027 жылы Ұлттық қордан 2 трлн теңге, 2028 және 2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңгеден нысаналы трансферт алу көзделген. Бұл қаражат аса маңызды нысандар мен жалпыұлттық маңызы бар жобаларға бағытталмақ. Сонымен қатар кепілдендірілген трансферт 2027-2028 жылдары 2,43 трлн теңгеден, 2029 жылы 2 трлн теңгеден белгіленіп отыр. 

Осылайша, алдағы үш жылда Ұлттық қордан алынатын қаражаттың бір бөлігі әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді жедел шешуге жұмсалмақ. Үкімет бұл ретте бюджет қаражатын тиімді пайдалануды және әрбір жұмсалған теңгенің қайтарымын арттыруды негізгі міндеттердің бірі ретінде атап отыр.