Әлеуметтік желілерде Алматыдағы Есентай өзенінің жағасында орналасқан, бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған қонақүй ғимаратының сүрілетіні туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Желіде жарияланған видеода ғимарат маңында құрылыс жұмыстары жүріп жатқаны көрінеді.
Авторлардың бірі: «Алматыдағы ең әдемі ғимараттардың бірі сүріліп жатыр. Осы уақытқа дейін пайдаланылмай қалды», – деп жазған.
Алайда Алматы әкімдігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Әкімдіктің хабарлауынша, бұрынғы қонақүй ғимараты бұзылып жатқан жоқ. Керісінше, нысанда ауқымды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, ғимарат ұзақ уақыт бойы қанағаттанарлықсыз жағдайда болған. Қазір мұнда қасбетті қалпына келтіру, терезе ойықтарын жөндеу, ішкі бөлмелерді жаңарту және аумақты абаттандыру жұмыстары қолға алынған. Жоба аясында нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, кейін пайдалануға беру көзделген.
Әкімдік жобаның инвесторы «LeanQor» ЖШС екенін атап өтті. Ал «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ғимаратты жөндеу жұмыстарын жүргізу және оны қайта пайдалануға беру үшін ұсынып отыр. Барлық шығындарды инвестор өз қаражаты есебінен өтейді.
Қала әкімдігінің түсіндіруінше, ғимаратты бұзудың орнына оны Алматы IT-хабы ретінде қайта бейімдеу туралы шешім қабылданған. Бұл жоба Мемлекет басшысының IT және жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту, мамандар даярлау және осы бағыттағы құзыреттерді арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
«Қалада осындай деңгейдегі заманауи нысандарға сұраныс бар болғандықтан, бұрын жеке меншікте болған және бос тұрған ғимаратты сүрмей, жаңа мақсатқа пайдалану жөнінде шешім қабылданды», – деп мәлімдеді әкімдіктен.
Жоба іске асқаннан кейін нысан қолданыстағы инфрақұрылымды тиімді пайдалануға және IT, жасанды интеллект пен оған жақын салалардың дамуына мүмкіндік береді деп күтілуде.
Әкімдік мәліметіне сәйкес, жөндеу жұмыстары аяқталған соң ғимарат пен оған тиесілі жер телімі Алматы қаласының Цифрландыру басқармасына беріледі. Болашақта мұнда цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып, IT, AI және креативті индустриялар бағытында жұмыс істейтін компаниялар мен резиденттер орналасады.