1 қыркүйекке қараған түні Ресейдің Украинаға жасаған жаппай зымыран-дрон соққысынан 12 адам қаза тапты, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Жалпы 12 адам қаза тапты, олардың арасында Үндістан азаматы бар, ондаған адам жарақат алды», – деді Украина президенті Владимир Зеленский.
Оның мәліметінше, Ресей күштері Киев пен Украинаның тағы 10 өңіріне көп мөлшерде реактивті дрондар мен баллистикалық зымырандар қолданып шабуыл жасаған. Соққы салдарынан тұрғын үйлер мен азаматтық инфрақұрылым нысандары зақымданған.
Киевте шабуыл, атап айтқанда, теміржол депосына тиген. Украиналық тараптың мәліметінше, онда жеті адам қаза тапқан. Киев облысының Борисполь қаласында бес қабатты тұрғын үй зақымдалып, ғимараттан шамамен 50 адам эвакуацияланған. Қалада төрт адам қаза тауып, тағы 13 адам жарақат алған.
Шабуыл Одесса облысына да әсер етті. Зеленскийдің айтуынша, соққы салдарынан Румыниямен шекара өткелі және экспорттық инфрақұрылым зақымданған. Бірнеше мың отбасы электр қуатынсыз қалып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Украина Қарулы күштерінің Әуе күштері мәліметінше, 31 тамыз сағат 18:00-ден бастап Ресей әскері 218 шабуылдаушы дрон ұшырған. Олардың шамамен үштен бірі реактивті болған. Бұдан бөлек, «Искандер-М», KN-23 және С-400 баллистикалық зымырандары, «Циркон» кемеге қарсы зымырандары, «Калибр» қанатты зымырандары, Х-31П радиолокацияға қарсы зымырандары және басқа да соққы құралдары қолданылған.
Украина тарапы 199 әуе нысанын ұстап қалған немесе басып-жаншып жойғанын мәлімдеді. Олардың қатарында 187 дрон, бес баллистикалық зымыран және бес «Калибр» зымыраны бар. Сонымен бірге 28 жерде соққы болғаны, тағы 10 жерде атып түсірілген нысандардың сынықтары құлағаны тіркелген.
Ресей Қорғаныс министрлігі шабуылдардың Киев және Одесса облыстарындағы, сондай-ақ оларға іргелес өңірлердегі әскери және энергетикалық нысандарға жасалғанын хабарлады.
Қазіргі шабуыл Киев пен оған іргелес аумақтарға Ресейдің қарқынды әуе соққылары қатарынан алтыншы күнге созылғанын көрсетеді. Соңғы шабуылдарда жаңа реактивті дрондар белсенді қолданылған. Украина билігінің мәліметінше, олардың жоғары жылдамдығына байланысты мұндай дрондарды ұстап қалу қиынырақ.
Шабуыл Украинада жаңа оқу жылы басталған алғашқы күнге тұспа-тұс келді. Әуе шабуылдары жалғасып жатқан жағдайда Киев Батыстағы одақтастарын әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен зымыран ұстағыштарды жеткізуді жеделдетуге қайта шақырды.