Қазақстан табысы жоғары елдер санатына жақындады – сарапшылар

Қазақстан табысы жоғары елдер санатына жақындады – сарапшылар
Фото: magnific.com

Еуразиялық даму банкі Қазақстан экономикасын әртараптандырудың нәтижесін бағалады. Сарапшылардың пікірінше, өңдеуші өнеркәсіптің дамуы ел экономикасын шынымен де тұрақты әрі сыртқы шикізат нарығындағы өзгерістерге тәуелсіз етеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Өңдеуші өнеркәсіп Қазақстанның экономикалық саясатының негізгі бағыттарының біріне айналды. Сарапшылардың айтуынша, Үкімет елдің заманауи өнеркәсіптік негізін қалыптастыру үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

«Қуатты өнеркәсіп – “орта табыс тұзағынан” шығудың басты тетігі. Қазақстан табысы жоғары елдер санатына өте жақын қалды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс (ЖҰТ) 13 740 АҚШ долларына жетті. Ал бұл санатқа өту үшін белгіленген шек – 14 375 доллар. Еуразиялық даму банкі Қазақстанның бұл деңгейге 2028–2029 жылдары жететінін болжап отыр. Ендігі басты міндет – экономиканың жоғары әрі тұрақты өсу қарқынын қамтамасыз ету», – дейді Еуразиялық даму банкінің салалық талдау орталығының жетекшісі Арман Ахынбаев.

Өңдеуші секторда әлемдегі барлық инновациялардың жартысына жуығы шоғырланған. Сонымен қатар бұл салада ашылған бір жұмыс орны экономиканың басқа бағыттарында тағы 2,2 жұмыс орнын құрады.

Қазақстанның басты артықшылығы – өнеркәсіпті нөлден бастау қажет емес. Елде қалыптасқан өндірістік база бар. Ендігі міндет – мұнай, металл мен астықты шикізат күйінде экспорттаудан полимерлер, құрал-жабдықтар және терең өңделген өнімдер шығаруға көшу. Еуразиялық даму банкінің бағалауынша, мұндай өзгеріс ел экономикасына жыл сайын қосымша 38,4 млрд АҚШ долларына дейін өнім өндіруге мүмкіндік береді.

Қазақстан осы бағытта экономиканы дамытып келеді. Биылғы жартыжылдықта өңдеуші өнеркәсіп өндірісінің көлемі 9,8%-ға өсті. Өсімнің негізгі үлесін машина жасау саласы қамтамасыз етті, онда өндіріс көлемі 23,2%-ға артты. Химия өнеркәсібі 19%-ға, азық-түлік өндірісі 14,7%-ға, ал жеңіл өнеркәсіп бірден 89,2%-ға өсті.

Қазақстанның өнеркәсіптік негізін арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар құрайды. Еуразиялық даму банкінің сарапшыларының айтуынша, мұндай алаңдар тарифтер, тыйымдар немесе нарықтағы бәсекені бұрмалайтын тікелей субсидиялардан өзгеше, инвесторлардың негізгі мәселелерін нақты әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді.

Арнайы экономикалық аймақтардың басты ерекшелігі – мемлекет нарыққа жасанды түрде араласпайды. Оның орнына инфрақұрылым ұсынып, ашық әрі түсінікті реттеу жүйесін қалыптастырады. Соның арқасында кәсіпкерлердің бастапқы ірі шығындары азайып, жаңа зауыттарды іске қосу мерзімі бірнеше жылдан бірнеше айға дейін қысқарады. Осы негізде өндірістік кластерлер қалыптасады.

«Бұған Саран қаласындағы өндірістік алаң айқын мысал бола алады. Мұнда шина және автобус шығаратын негізгі кәсіпорындардың айналасында автокомпоненттер өндіретін шағын және орта бизнес қалыптасып келеді. Осындай үрдіс Атырауда мұнай-химия саласында да байқалады. Ірі өндірістің орналасуы өзге кәсіпорындардың да келуіне жол ашады. Сонымен қатар бүгінгі таңда бұл тетіктің тиімділігі “ақылды” жеңілдіктерге негізделген. Енді берілетін жеңілдіктердің мерзімі өнімді өңдеу деңгейі мен енгізілетін технологиялардың күрделілігіне байланысты белгіленеді. Бұл тек қарапайым құрастырумен айналысатын жобаларды іріктеп, күрделі өндірістерге басымдық береді», – деді Арман Ахынбаев.

Нәтижесінде дайын өнеркәсіптік алаңдар өңірлік экономиканың қуатты мультипликаторына айналып отыр. Бюджеттен салынған әрбір 1 теңге жеке сектордан 4–5 теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Бұл қаржы орталықтарынан тыс жерлерде жаңа экономикалық өсім нүктелерін қалыптастырып, Қазақстанның жаһандық өндірістік инвестициялар үшін бәсекеге қабілетті болуына қажетті ең төменгі инфрақұрылымдық негізді қамтамасыз етеді.

Дегенмен инфрақұрылым мен жеңілдіктер инвестициялық ахуал қолайлы әрі мемлекеттің экономикалық саясаты тұрақты болған жағдайда ғана барынша тиімді нәтиже береді. Ресейлік экономикалық сарапшы Денис Миролюбовтың пікірінше, Қазақстан бұл бағытта дұрыс жолмен келе жатыр.

«Бұл – өнеркәсіптік саясаттың негізгі құралдарының бірі. Инвесторлар дайын инфрақұрылымға, салықтық және әкімшілік жеңілдіктерге қол жеткізеді. Бұл жаңа өндірістерді іске қосу шығындарын азайтады. Соның нәтижесінде инвесторлар мұнда тұрақты жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік бар екенін түсінеді. Алайда жеңілдіктердің өзі ғана капиталдың келуіне кепілдік бола алмайды. Инвесторлар заңнаманың тұрақтылығына, білікті кадрлардың болуына, нарық көлеміне және экономикалық саясаттың болжамдылығына да назар аударады. Сондықтан арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігі тек берілетін артықшылықтарға емес, елдегі жалпы инвестициялық ахуалға да байланысты. Қазіргі таңда Қазақстандағы инвестициялық климат өте тартымды», – дейді Денис Миролюбов.

Түптеп келгенде, өнеркәсіптік саясаттың басты мақсаты – өндіріс көлемін арттыру ғана емес, әлемдік шикізат бағасына тәуелсіз дамуға қабілетті экономиканы қалыптастыру. Сондықтан мемлекет бүгінде өңдеу өнеркәсібін дамытуға, отандық өндірушілерді қолдауға және бизнестің ел ішінде жаңа өндірістерге инвестиция салуына қолайлы жағдай жасауға басымдық беріп отыр.