Енді Қазақстанға сырттан бидай кіргізуге тыйым салынады. Бұған дейін автокөлік, су және теміржол арқылы әкелуге қатысты шектеу шаралары бар еді. Енді ешқандай көлікпен кіргізуге болмайды. Алдыңғы тыйымдарға қарамастан, жарты жылда Ресейден 1,1 млн тоннадан астық импортталған.
«Былтырдан қалғаны бар, биыл егіннің бітік шыққаны бар — элеваторларды жаңа егінді қабылдап алуға дайындау үшін әрі отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау мақсатында осындай шешім қабылданып отыр. Қазақстан аумағына бидай импорттауға толықтай тыйым салынады» делінген Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан ақпаратта.
Бұл тыйым биыл 1 тамыздан бастап күшіне енеді. Статистикаға қарасақ, алғашқы жарты жылдықта Ресейден импортталған бидай 1,1 млн тоннадан асып кеткен. Былтырмен салыстырғанда 10 пайызға көбірек. Сонымен бірге 1 шілдедегі жағдай бойынша, Қазақстанда астық қоры — 6,1 млн тонна. Оның ішінде бидай — 5,1 млн тонна, ал азық-түлік мақсатына — 4 млн тонна.