Танымал бапкер тоз-тозы шыққан клубтан 200 миллион теңге даулап жүр

Көркем Алдабергенова 28 шіл. 2025 16:04

Петропавлда «Қызылжар» футбол клубының жаңа басшылығы мен қазір Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін атқарып жүрген Әли Әлиев арасындағы сот дауы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеп. 

Бапкер клубтан жалпы сомасы 201 миллион теңге өндіруді талап етуде. Бұл сомаға сыйақылар, жалақы бойынша берешек пен еңбек келісімшартын бұзу үшін өтемақы кіреді.

Қайшылық неден басталды?

Бұрынғы бас бапкердің айлығы бастапқыда 1 млн теңге болуы тиіс еді. Алайда клубтағы басқару ауысқаннан кейін анықталғандай, оған айына 10 млн теңге төленіп келген. Бұл қаражат заңсыз еңбек шарты негізінде аударылған.

Петропавлдың азаматтық істер жөніндегі соты клубтың талап-арызын қанағаттандырып, тіркелмеген келісімшартты заңсыз деп таныды. Әлиевке 2024 жыл бойынша жалақыны қайта есептеу ұсынылған. Алайда ол бұл талаппен келіспей, 2025 жылдың 9 қаңтарында Қазақстан футбол федерациясының дауларды шешу палатасына жүгініп, төмендегі сомаларды өндіріп беруді сұраған:

  • Еңбек шартын бұзғаны үшін өтемақы – 120 млн теңге
  • 2024 жылдың қыркүйек–желтоқсан айлары арасындағы жалақы қарызы – 40 млн теңге
  • Турнирлік кестедегі бесінші орын үшін – 20 млн теңге
  • Чемпионаттағы 11 жеңіс үшін – 11 млн теңге
  • Еңбек шартына қол қойғаны үшін жеке бонус – 10 млн теңге

Алайда клуб аталған өтемақы мен қарыз бойынша төлемдерді төлеуден бас тартатынын ресми түрде мәлімдеген. Сот материалында Әлиев қосымша келісімдер бойынша қарызды өтеу кестесін бекітуді сұрағаны да көрсетілген.

Сот шешімі және министрдің пікірі

Петропавл қаласының №2 сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылып, Әли Әлиевтің шағымы қанағаттандырылмады.

Бұл жағдайға пікір білдірген туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов футбол федерациясы Әлиевтің ұстанымын қолдайтынын, енді бапкердің кассациялық сотқа жүгінетінін мәлімдеді.

Ал 2025 жылдың 25 шілдесінде азаматтық сот жаңа шешім шығарды:

«Қызыл-Жар СК» ЖШС-нің Әли Әлиевке қарсы талап-арызы қанағаттандырылып, 2022–2023 жылдардағы екі қосымша келісім заңсыз деп танылды. Сондай-ақ, сот шешімімен Әли Әлиев клубтың өкілінің қызметі үшін 1 млн теңге өндіруге міндеттелді. Бұл шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Клубтың қазіргі жағдайы

«Қызылжар» – Қазақстандағы ең ауқатты бес клубтың бірі. 2025 жылғы бюджеті 2 млрд теңгені құрайды, құрамында 11 легионер бар.

Соған қарамастан, клуб Премьер-лигада қалу үшін күресіп жатыр. Соңғы ойындарда команда тағы жеңіліске ұшырады. Алда әлі тоғыз матч бар, бірақ жанкүйерлер командаға сенуден қалғандай.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар