Алматы тауларында тағы бір бала жоғалып кетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
27 шілде күні түңгі сағат 23:02-де Алматы қаласы Медеу ауданында 20 жастағы жігіттің жоғалғаны туралы хабарлама түсті. Ол таңертең тауға кеткен, 17:00-де қайтуы керек болған. Байланыс тек туысы, әпкесі арқылы жүргізілген, геолокация қолжетімді болмаған. Жігіт жылы кофта, шорты және кроссовкада болған, қосымша күртешесі бар. Таулы аймақта сол кезде жаңбыр мен бұршақ жауып, 4000 метр биіктікте қар түскен.
Іздеу жұмыстары 4147 метрлік Жастар шыңы аумағында басталды. Операцияға РЖҚЖ құтқарушылары («Медеу» бекетінен) және «Тұйық-Су» бақылау-құтқару пунктінің мамандары тартылды.
Құтқарушылар Мынжылқыға көтеріліп, Жастар шыңына қарай жаяу бет алды. Жастар, Титова және Т1 шыңдары тексерілді, алайда із-түз табылған жоқ.
Мынжылқы үстіртінде ТЖД, еріктілер және дрондар қатысуымен жедел штаб құрылды. «Қазавиақұтқару» АҚ әуе борты дайын, бірақ 1800 м биіктіктен жоғары бұлттылық, найзағай мен секундына 20 м-ге дейін жететін жел ұшуға кедергі келтірген.
Еске салайық, бұған дейін Алматы тауларында жоғалып кеткен жігіттің денесі табылған еді.
Құтқарушылар Ақылбек Нұрисламның денесін Үлкен Алматы шатқалының маңынан тапты.