Шавкат Рахмоновтың әйелі мен ұлы жол апатына түсті: екі адам қаза тапты

Көркем Алдабергенова 28 шіл. 2025 10:10

Аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың әйелі мен ұлы жол апатына түсті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Желіде Шавкат Рахмоновтың әйелі мен ұлы қатысқан жол апаты туралы ақпарат тарады. Жамбыл облысының полицейлері жағдайға қатысты түсініктеме берді, алайда нақты есімдерді атамады.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 27 шілде күні сағат 08:50-де республикалық маңыздағы "Алматы – Екатеринбург" тасжолының 299-шақырымында болған.

"Toyota Land Cruiser 200" маркалы көліктің жүргізушісі Қарағанды облысы бағытынан Алматыға қарай келе жатып, рөлге ие бола алмай, көлікті аударып алған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екеуі ауруханаға жеткізілді", – делінген полиция таратқан хабарламада.

Telegram-дағы Halyqstan арнасының дерегінше, көлікті Шавкат Рахмоновтың жұбайы жүргізген. Апат салдарынан оның екі құрбысы қаза тапқан.

Қазір Қылмыстық кодекстің "Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әрекет" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Көлік арнайы тұраққа қойылған.

"За нами выехали" телеграм арнасының мәліметінше, қазіргі таңда травматология бөліміне жатқызылған. 

"Рахмоновтар жабық бас сүйек-ми жарақаты және ми соғылуы диагнозымен травматология бөліміне жатқызылды. Жағдайлары – орташа ауырлықта. Қазір олар тиісті медициналық хаттамаға сәйкес ем қабылдап жатыр", - делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының жауабында. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар