«Алматы» ӘКК АҚ-ның еншілес ұйымы «Almaty Finance» ЖШС «NP Almaty» ЖШС-ға «Алғабас» шағынауданында 2 000 және 1 200 орындық екі жалпы білім беретін мектеп салу үшін 5 млрд теңге бөлді,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Қаржыландыру Қазақстандағы оқушы орындарының тапшылығын және үш ауысымды оқытуды жоюға бағытталған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында, сондай-ақ қалалық әкімдік жанындағы жобалық кеңсесінің қолдауымен іске асырылып жатқан «Almaty Business – 2025» өңірлік кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.
Қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 10% (ЖТСМ), қаржыландыру мерзімі 1 жыл.
Қарыз алушы «NP Almaty» ЖШС мектептерді бірыңғай сәулеттік және білім беру стандартына сай, жайлы, инклюзивті және қауіпсіз орта қалыптастыра отырып салуды жоспарлап отыр. Мектептер STEM-зертханаларымен, робототехника, физика, химия, биология кабинеттерімен, интеллектуммен, компьютерлік сыныптармен, акт залымен, медиатекамен, коворкингпен, шеберханалармен, сондай-ақ ашық ойын және спорт алаңдарымен жабдықталады.
Сонымен қатар, мектептер жас ерекшелігіне қарай бастауыш, негізгі және орта блоктарға бөлініп, әрқайсысында жеке асхана мен спорт залы қарастырылады.
Ғимараттарда бейнебақылау, дабыл жүйесі және қауіп төнген жағдайда есіктерді автоматты түрде бұғаттайтын жүйе орнатылады.
Мектептерді ашу 2026 жылғы қаңтарға жоспарланған.
«Жоба қарқынды дамып келе жатқан Алатау ауданында мектеп орындарының жетіспеушілігін шешуге, балаларды жайлы әрі заманауи оқу жағдайларымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ 270-тен астам тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», — деді «Almaty Finance» ЖШС басқарма төрағасы Берік Құсайынов.