Қазақстан да мүшесі болып табылатын ОПЕК + елдері келесі айда нарықтағы үлесін ұлғайтуға ұмтыла отырып, мұнай өндірісі көлемін арттыруға өзара келісті. Алдымен бұл ақпаратпен кешке Bloomberg бөлісті. Көп ұзамай кешкісін ОПЕК+ елдерінің бірлескен мәлімдемесі жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, ОПЕК + елдері қазан айында өндіріс көлемін тағы ұлғайту туралы шешім қабылдады, өйткені бұл топ бағаны қорғаудың орнына нарықтағы үлесін ұлғайтуға ұмтылып, бұған дейін ұстанып келген саясатты өзгертуге ниетті.
Расында, ОПЕК+ елдерінің бірлескен мәлімдемесінде көрсетілгендей, Қазақстан, Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, БАӘ, Кувейт, Алжир және Оман мұнай өндірісі бойынша жоспарларына түзетулер енгізген.
"Әлемдік экономиканың тұрақты перспективаларына және мұнай қорының төмендігін көрсететін нарықтың қолайлы іргелі көрсеткіштеріне байланысты халықаралық ұйымның сегіз қатысушы елі мұнай өндірісі көлемін тәулігіне 137 мың баррельге арттыру жөнінде шешім қабылдады. Бұл шешім 2025 жылдың қазан айында жүзеге асырылады", делінген ресми құжатта.
Қазан айындағы өндірістің ұлғаюы 2026 жылдың соңына жоспарланған тәулігіне 1,66 миллион баррельге дейін қысқарту шараларын қалпына келтіруге бастама болмақ.
"Өндіріс көлемінің бұл жолғы артуы ОПЕК пен оның серіктестерінің түбегейлі бетбұрысқа бет алғанын нақтылай алады. Соңғы айларда топ мұнай нарықтарын дүр сілкіндіріп, жоспарланған мерзімнен бір жыл бұрын 2,2 миллион баррельге тоқтатылған өндірісті қалпына келтірді, сөйтіп алда орын алмақ профицитке қарамастан нарықтағы өз үлестерін қалпына келтіруге ұмтылуда. Өндіріс көлемін одан сайын арттыру АҚШ президенті Дональд Трампқа майдай жағуы мүмкін. Өйткені ол араб елдерін инфляцияны тежеу және Украинаға қарсы соғысты тоқтату үшін Ресейге қысым жасау құралы ретінде мұнай бағасын төмендетуге бірнеше рет шақырған болатын", деп жазады Bloomberg.
Ресми құжат қосымшасындағы төмендегі кесте мәліметіне сүйенсек, Қазақстан қазан айында ОПЕК + шеңберінде мұнай өндірісі көлемін тәулігіне 1,556 млн баррельге дейін арттыра алады.
ОПЕК-тегі барлық сегіз ел бұл шара өздерінің өтемақы бойынша төлемді жеделдетуге мүмкіндік беретінін нақтылайды.
Айта кетсек, өткен аптада ғана ҚР энергетика министрлігі елімізде тамыз айында мұнай өндіру көлемі 2%-ға артқаны туралы ақпаратты теріске шығарған болатын. Энергетика министрлігі тамызда Қазақстанда мұнай өндіру көлемі тәулігіне 1,712 млн баррельді құрағанын нақтылайды. Бұл көрсеткіш шілде айымен салыстырғанда тәулігіне 48 мың баррельге төмен.
"Энергетика министрлігі "елімізде мұнай өндіру деңгейі тамызда өткен аймен салыстырғанда арта түсті" деген кейбір бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақпаратты түбегейлі жоққа шығарады", делінген 3 қыркүйекте жарияланған министрлік мәлімдемесінде.