Партия жетекшісі: «Банктер туралы жаңа заң қаржы секторының дамуына серпін береді»

Ақтоты Жапатова 08 қыр. 2025 15:40

«Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантореева банктер туралы жаңа заң қабылдау бастамасына қатысты пікір білдірді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

— Биылғы жылдың соңына дейін жаңа банктер туралы заң қабылдау – еліміздің қаржы секторының дамуы үшін маңызды белес болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында заманауи технологиялық өзгерістер мен экономиканың сұраныстарын ескеру қажеттігін атап өтті. Заңда бәсекені күшейту жолдары, нарыққа жаңа қатысушылардың келуі, финтехті дамыту және цифрлық активтердің айналымын ырықтандыру қарастырылуы тиіс. Бұл экономика дамуына қосымша серпін беріп, қаржылық қызмет көрсетудің сапасын арттыруға мүмкіндік береді, — деді Қалыйма Жантореева.

Оның айтуынша, банктер жүйесінің тұрақты дамуы азаматтардың өздерінің қатысуы мен қаржылық сауаттылығына да тікелей байланысты. Осы бағытта «Amanat» партиясы жүйелі жұмыс жүргізіп келеді: халықтың қаржылық мәдениетін көтеруге арналған оқу жобалары, курстар мен тренингтер ұйымдастырылуда. Әсіресе жастарға, кәсіпкерлерге және әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл әрбір азаматқа заманауи қаржы құралдарын сенімді қолдануға жол ашады.

— Осылайша, Президенттің бастамалары мен «Amanat» партиясының жұмысы бірін-бірі толықтырады: мемлекет банктер мен финтех-компаниялардың жұмысына заманауи құқықтық негіз жасаса, партия адамдарға жаңа жағдайға бейімделуге және сауатты қаржылық шешім қабылдауға көмектеседі. Билік пен қоғамның бірлесе қимылдауы Қазақстан экономикасының тұрақты әрі инновациялық дамуының берік іргетасын қалайды, — деді мәслихат депутаты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар