"Жұрттың вагондардың жай-күйіне көңілі толмайды" - Тоқаев

Сағыныш Сардарова 08 қыр. 2025 14:56

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында вагондардың жай-күйі туралы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Жұрттың вагондардың жай-күйіне көңілі толмайды. Астанада вагон құрастыратын зауыт іске қосылды. Бұл осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жасалған маңызды қадам болды. Озық халықаралық стандартқа сай жабдықталған заманауи жолаушылар вагонын жасау шетел инвесторының қатысуымен қолға алынады", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы кейінгі жылдары авиация инфрақұрылымын жаңғырту үшін көп жұмыс істелгенін жеткізді.

"Былтыр Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар ашылды. Жақында Зайсанда, Қатонқарағай және Кендірліде әуежай құрылысы аяқталады. Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп жатыр. Бұл жобалар аймақтардың экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етеді, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, сондай-ақ, басқа да бірқатар саланың дамуына серпін береді. Сондықтан бұл жұмыс өз жалғасын табады", - деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс екенін, бұл стратегиялық маңызы зор міндет екенін айтты.

"Бұл жұмысқа осы салада табысқа жеткен үздік мамандар мен кәсіпкерлерді тарту керек. Бірақ негізгі жауапкершілік Үкіметте. Тапсырманың орындалу барысын жылдың басында Үкіметтің жылдық есебінен кейін арнайы жиналыста қараймыз", - деді Тоқаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар