Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желілер мен кейбір ресми емес арналарда тараған «бірқатар шенеуніктер ұсталды» деген мәліметті теріске шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аида Балаеваның айтуынша, ресми БАҚ пен анонимді телеграм-арналар мемлекеттік қызметшілердің ұсталғаны жөнінде ешқандай дәлелі жоқ ақпарат таратқан.
"Ақпараттың шынайылығын тексеру міндеті, кінәсіздік презумпциясы қағидасы және журналистік этика бар екенін естен шығармау керек. «Хайп» қуып, расталмаған деректерге сүйенгенде, журналистер мұндай ақпараттың азаматтарға және олардың жақындарына зиян келтіретінін, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан тигізетінін, шын мәнінде жала болып саналатынын ұмытпауы тиіс", – деді министр.
Министр кәсіби БАҚ пен журналистерді ақпаратты тексеріп беруге шақырды. Сонымен қатар жалған ақпарат таратқан жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Бұған дейін Қазнетте сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны туралы қауесет тараған еді.