Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жолдауда Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында сөз сөйлейтінін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Осы жылдың соңына қарай мен Ресейге және Өзбекстанға барамын. Астанада Әзербайжан, Армения, Түрікменстан басшыларын қарсы алуға дайындалып жатырмыз. Сондай-ақ, Азияның, Еуропаның, Африканың бірқатар мемлекет басшыларымен кездесіп, келіссөз жүргізу жоспарланған", - деді Президент.
Сонымен қатар, АҚШ-қа сапары туралы да айтты.
"Біріккен Ұлттар Ұйымына әлі күнге дейін еш балама жоқ. Қазақстан оны көкейкесті халықаралық мәселенің бәрін әділ шешу жолындағы негізгі келіссөз орны бола беруге тиіс деп санайды. Дегенмен Біріккен Ұлттар Ұйымын, әсіресе, оның ең басты органы – Қауіпсіздік Кеңесін реформалайтын кез келді. Мен жақында Нью-Йорк қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында сөз сөйлеймін. Басқосуда халықаралық ахуалға, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалауға қатысты Қазақстанның көзқарасын білдірмекпін", - деді Тоқаев.